Шымкентте төртем дүниеге келді (толығырақ) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте төртем дүниеге келді (толығырақ)

18.03.2014
Шымкентте  төртем дүниеге келді (толығырақ)
Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданында бір отбасында төртем дүниеге келді. Сәбилердің анасы 28 жасар Рабиай Шерметова Ақсукент ауылында тұрады.
 
Көктем Шерметовтар отбасы үшін ерекше қуанышпен басталды. Бұл отбасында бір ұлдан кейін араға 7 жыл салып төртем дүниеге келіп отыр. Отызға да толмаған жас келіншек осылайша 5 баланың анасы атанды.
 
Рабиай Шерметова, төртемнің анасы:
Бірінші рет ешкім сенген жоқ. Кейін барып сенді ғой, төртеу екеніне. Аттары - Фатима, Хасан, Зухра, Захра. Күйеуім жақта егіздер жоқ. Өзіміз жақта бар.
 
Рабиай жүктіліктің 32-ші аптасында, яғни уақытынан бұрын босанған. Кесарь тілігі арқылы дүниеге келген нәрестелердің де, олардың анасының да жағдайы бірқалыпты. Қазір салмағы  1200 грам мен 1590 грамм аралығындағы төрт балақай анасымен бірге қалалық балалар ауруханасында. Дәрігерлер сәбилердің жағдайы жақсы, сондықтан қорқатын дәнеңе жоқ дейді. 
 
Салтанат Жабағиева, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
Қазіргі таңда нәрестелердің жағдайы қанағаттанарлық. Балалар нәрестелерді күту бөлімінің екінші кезеңіне ауыстырылды.
 
Жалпы Оңтүстік Қазақстан облысы халықтың табиғи өсімі жөнінен еліміздегі көш бастап келе жатқан өңір. 2013 жылы осында 78 233 нәресте дүниеге келсе, оның – 721-і егіздер.  11 отбасы үшем сәбидің шілдеханасын тойлады. Ал, бұл - оңтүстіктегі соңғы он жылда өмірге келген тұңғыш төртем.
 
   
Нұрлан ӘЛІМБАЕВ

Хабарламаларға жазылу