Ауыл шаруашылығы саласының тағы бір басшысы ұсталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ауыл шаруашылығы саласының тағы бір басшысы ұсталды

18.03.2014
Ауыл шаруашылығы саласының тағы бір басшысы ұсталды
Астана қаласы бойынша Ветеринарлық бақылау және қадағалау басқармасының басшысы Нығмет Жақыпбаев лауазымын асыра пайдаланды деген күдікпен ұсталды.
 
Қаржы полициясының мәліметі бойынша, 2012 жылы комитет төрағасы болып тұрғанда ол үш ауылда бір типті ветеринарлық зертхана салу бойынша жалған актілерге қол қойған. Осылайша Нығмат Жақыпбаев мемлекетке 83 миллион теңгеден астам шығын келтірген.
 
Қазіргі таңда бұрынғы басшының үстінен қылмыстық іс қозғалып, оның жемқорлық әрекеттерге қатысы бар жоғы анықталып жатыр.
 
Мұрат Жұманбай, ҚР Қаржы полициясының ресми өкілі:
Жақыпбаевқа қатысты қызметтік өкілін асыра пайдалану және қызметтік жалғандық жасау фактілері бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жақыпбаевтың жасының егделігі және денсаулық жағдайына байланысты оған қатысты кепіл пұл түріндегі бұлтартпау шарасы тағайындалды. Бүгінгі күні оның басқа да сыбайлас жемқорлық қылмысқа қатысы тексерілуде. Тексеру нәтижелері жұртшылыққа жеткізілетін болады.
 
Осыған дейін де, бұл министрлікте істейтін бірнеше кісіге жемқорлық жасады деген айып тағылған болатын. Міне, тағы бір лауазымды тұлға істі болып отыр. Қармағындағы қызметкерінің бұл тірлігін министр түсіндірді.
 
Асылжан Мамытбеков, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
Бұл жағдайда мен ешқандай комментарий жасамаймын. Өйткені біз бүгін ғана естіп отырмыз, сіздер секілді. Жалпы айтқанда коррупцияға қарсы күрес бойынша көрсеткіштер оң үрдіс алуда. Мен нақты сіздерге сандарды айта аламын, 2011 жылы біздің қызметкерлерге қарсы қозғалған қылмыстық істердің саны 45 болса, 2012 жылы  - 37, 2013 жылы - 20.
 
 
Сәкен СЕЙІТХАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу