Киіз үй шығаратын шеберхана Үкімет қолдауына зәру - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Киіз үй шығаратын шеберхана Үкімет қолдауына зәру

17.03.2014
Киіз үй шығаратын шеберхана Үкімет қолдауына зәру
Кеңестік дәуірде елімізде 6, 8, 24 тіпті 30 қанатты киіз үй шығаратын бірнеше кәсіпорын болған. Ал қазір осындай үй шығаратын бір ғана шеберхана қалыпты. Ол  Астана қаласында орналасқан 75 жылдық тарихы бар Қазақ Саңыраулар қоғамының оқу-өндірістік шеберханасы.
 
Алайда, кемтар жандардың бұл бірлестігі  «Үкімет тарапынан тиісті көмек болмаса, құрдымға кетер түріміз бар», дейді.
 
Себебі, мемлекеттік сатып алу кезінде мүгедектер өндіретін тауарларға басымдық беріледі. Онда олардан сатып алынатын тауарлардың арнайы тізімі бар, тек сол санаулы тізімге киіз үй мен басқа да ағаш бұйымдары кірмей қалған.
 
Бұл - есту қабілетінен айырылған елдегі Саңыраулар қоғамының төрағасы. «Біз естімесек те, Үкімет бізді естісе екен», дейді. Мұндағылардың мүмкіндігі шектеулі емес, шексіз. Шеберханада санаулы күнде киіз үй мен оның барлық жабдықтарын істеуге болады.
 
Ерік Шекімов қала тұрғыны:
Жасым 25-те. Шеберханада 6 жылдан бері жұмыс істеймін. Жұмысым ұнайды. Мынадай жүкаяқтарды оюлап ойып, жонып, бір күнде жасап шығарамыз.
 
Алайда, осы өнімді сататын мемлекеттік механизм дұрыс жұмыс істемей тұр. Мекемелерді мүгедектерден тауар сатып алуға міндеттейтін Үкімет қаулысы бар. Тек сол қаулыдағы тауарлар тізіміне киіз үй мен ағаш бұйымдары кірмей қалыпты.
 
Тезекбай Исай, Қазақ Саңыраулар қоғамының президенті:
Қазақ үйдің тәртібі ешнәрсе темірден жасалмау керек. Міне,  осының барлығын ағаштан жасап жатқан жалғыз біз болып тұрмыз. Мұны мемлекеттік тапсырыспен жасау керек. Сол үшін Үкіметтің қаулысына кіру керек. Сонда бізді мемлекет қолдайтын болады, әрі барлық жер бізден алу керек екенін білетін болады.
 
«Қолбайлау болып отырған осы қаулыға тек киіз үй емес, сонымен қатар, ақтау, сырлау, ғимараттардың ішкі жөндеу жұмыстары сияқты қызмет түрлерін де қосса екен», дейді Саңыраулар қоғамындағылар.
 
 Нұрлан Төкенов, Қазақ Саңыраулар қоғамы жанындағы оқу-өндірістік шеберханасының директоры:
Мына темірмен жасалатын заттарды, химиялық тазалау сияқты қызмет түрлерін мемлекеттік мекемелер тендерге қояды. Сондай жұмыстарды алып атқаруға болар еді.
 
Жақын күндері тиісті министрліктің жұмыс тобы қаулының жаңа редакциясын талқыламақ. Саңыраулар қоғамының өкілдері сол отырысқа қатысып, жанайқайын жеткізуден үмітті.
 
Дулат АБИБУЛЛАЕВ

Хабарламаларға жазылу