Теміртауда тұрғын үйлер дұрыс жөнделмеген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Теміртауда тұрғын үйлер дұрыс жөнделмеген

15.03.2014
Теміртауда тұрғын үйлер дұрыс жөнделмеген
Тұрғын үйлерге терможаңғырту жұмыстарының жүргізіле бастағанына үш жылдың жүзі болды. Мол пайдаға кенелеміз деп құрылыс фирмалары да жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптады.
 
Жұмысы шала компанияға ұрынған теміртаулықтардың өкпесі қара қазандай. Себебі, жөндеуден кейін жыл өтпей жатып шатырдан су сорғалап, берекелерін қашыруда.
 
Теміртау қаласы Панфилов көшесі 3-ші үйдің тұрғындары күн жылынғалы төбеден сорғалай аққан сумен алысуда. Шелек пен леген атаулы қазір бос тұрмайды. Бар бәле өткен жазда үш қабатты үйге толықтай жөндеу жұмыстарын жасаған фирманың шалалығында, деп қынжылады олар. Қисық салынған суағардағы су сыртқа емес, керісінше, шатырдың ішіне құйылып, дұрыс бітелмеген төбеден пәтерлерге саулап тұр.
 
Владислав Юнев, Теміртау қаласының тұрғыны:
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы инспекциясына, фирмаға да бардық. Ешқандай көмек қолын созған жоқ. Шатырға шығатын сатының өзін ақшаға ұсынды. Біз жарайды жаспыз. Ал, тұрғындардың көбі қарт адамдар. Қалай шатырға шығады?
 
Құрылыс жұмыстарына жауапты серіктестік жөндеуге деп 12 миллион теңге мемлекет қаржысын жұмсаған. Тұрғындар енді ол қаражаттың орнын айына 12 мың теңгеден 12 жыл бойына төлеп толтыруы қажет.
 
Алайда, жыл өтпей жатып сапасы сыр бергенін көріп жұрт жағаларын ұстады. Шағымданып әкімдікке де, ісіне сылбыр қараған фирмаға да барғанымен, ол тараптардан еш көмек болмай отыр.
 
Сергей Кабанов, «СпецСтройНадзор» ЖШС директоры:
Тұрғындар өздері кінәлі. Олар шатырдағы қарды уақытында тазалаған жоқ. Бұл үйдің жылу жүйесі шатырдан кіреді. Еріген қар ішке кіріп жатыр. Төбені сапалы етіп жасадық. Оған шүбә келтірмеймін.
 
Ирина Вундер, Теміртау қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылғы инспекциясы бөлімінің басшысы:
Екі жыл болды тұрғындар тарапынан ешқандай шағым түскен жоқ. Фирмалар 5 жыл кепілдік уақытында жауапкершілігіндегі нысандардан кемшілік шықса, қайта жөндеуге міндетті. Алайда, бізде мұндай жағдай әлі кездескен жоқ.
 
Тұрғындар фирма басшылығы үй шатырын қайта жөндеп беруден бас тартқандығын естіп әбден ашынуда. Бес жылдық кепілдік уақытына қарамай осындай опасыздыққа барған компаниямен арадағы мәселені тиісті жолмен шешпек.
 
Руслан Нұрланұлы, тілші:
Енді тұрғындар тәуелсіз сарапшы шақыртып, жөндеу жұмыстарының сапасын толықтай тексертпек. Содан кейін істі сотқа бермек.
 
 
 
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу