Индустриялық-инновациялық бағытты ұстанған ел өндірісшілеріне Жанша Жанасұлының ісі өнеге. Өйткені, ол сонау 60-шы жылдан бері Отанымыздағы өндірістің дамуына сүбелі үлес қосты. Жерінің асты байлыққа толы Жезқазған, Қарағанды, Шымкент, Атырау алқабының кенішін қазып, тау-кен өндірісінің жандануына септігін тигізді.
Республикадағы ірі зауыттардың іргетасын қалап, 40 жыл осы салада еселі еңбек етті. Аты аңызға айналған тау тұлғалармен де қатар жүрді. Өмірде көргені, көкірегіне түйгені мол, абыз қария бүгін 90 жасқа толды.
Өткен ғасыр ел өндірісінің енді қолға алынған тұсы еді. Қазіргінің инновациялық дамыған технологиясы 60-шы жылдары мүлде жоқ. Әйтсе де, сол тұста инженер мамандығын меңгерген ел азаматтары жер асты байлығын игеруге бет бұрды.
Сол саптағы Жанша Жанасұлы еңбек жолын алғаш Жезқазған балқыту-механикалық зауытында бастады. Қай істе де жаңашылдығымен танылды. Қазмысқұрылыс, Қазхиммонтаж трестерін ілгерілетті.
Ол әлеуетін арттырған елдегі 3 мұнай өнімдерін өңдеу зауыты бүгінгі күні де бәсекеге қабілетті. Теміртаудағы №4 болат балқыту домна пешін іске қосып, тәжірибесімен тарихта қалған ардагердің жастарға айтары бар.
Жанша Жанасов, соғыс және еңбек ардагері:
Дүниежүзі қалай алға басып бара жатыр? Ең алдымен мына техника, технология, өндіріс, экономика қалай? Осыған қарай бет бұрғызып тәрбиелеу керек. Өндірістің жай ғана саласын емес, өндірістің 2-3 кезеңін қайта өңдеу, қазіргі заманға сәйкес технологиямен шыққан өндірістік тауарларды жасап шығару керек.
Жанша қарияның заман тамырын тап басып, жаңашылдығымен танылуына үзеңгілес дос, тарихи тұлғалардың да септігі тиді. Ел батыры, рейхстагқа ту тіккен Рақымжан Қошқарбаевпен айнымас дос болып, батылдығына бас иді.
Техника ғылымының қыр-сырын өзі еліктеген Қаныш Сәтбаевтан үйренді. Теміртау өндірісінде сол кездегі жас та болса, ел бастаған Нұрсұлтан Назарбаевтың алғырлығына тәнті болды.
Жанша Жанасұлы тек жұмысына жанашыр ғана емес, 67 жыл отасқан жарына адал, балаларына қамқор әке.
Хадиша Жанасова, Жанша Жанасовтың жұбайы:
Ол қызметті жақсы көретін адам. Жұмысқа берілген. Қалған шаруа менің мойнымда болды. Балалардың тәрбиесі болсын.Ішінен сүйіспеншілігін, жылылығын білдіріп отырады.
Қос ғасыр куәсі 90-ның төріне жайғасқанымен санасы сергек. Өмірден тоқығанын «Өткендер мен өткелдер», «Ақбоз арғымақтың жылы» атты кітапқа жазды. Ел беталысын бағдарлап, Қазақстанның бүгінгі жетістігіне балаша қуанып, тәуелсіздігіне тәубә етеді.
Жазира ИСАЕВА