Қостанайда мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған еңбек жәрмеңкесі өтті. Мақсат - кембағал жандарды еңбекпен қамту туралы Елбасы тапсырмасын орындау. Бұл бағытта аймақта атқарылып жатқан жұмыстар ауқымды. Жыл басынан бері облыста 200-ден астам кемтар жан жұмысқа орналасты.
Сергей Комаренко бұған дейін кездейсоқ табылған бір реттік жұмыстармен ғана жан бағып жүрген. Әкесінен дәнекерлеу ісін үйренген жігіттің бұл іске қолы жатық. Алайда, арнайы білімі болмағандықтан, еш жер жұмысқа ресми қабылдамай қынжылтқан. Бүгін жолы болды.
Сергей Комаренко, ІІІ топтағы мүгедек:
Барлық жерде құжат сұрайтын еді. Мына кәсіпорынның басшылары өзіміз оқытамыз, ең бастысы міндетіңді жауапты атқарсаң болды, деп отыр. Электрмен дәнекерлеуші болып жұмысқа қабылдандым.
Бүгінгі жәрмеңкеге барлығы 80-ге жуық жұмыс беруші қатысты. Олардың алдында 100-ден астам мүгедек жан өзіне қолайлы кәсіпті таңдады. Жауапты орындар мұндай пайдалы іс-шараны жыл бойы ұйымдастырып отыруды көздейді.
Ерлан Жаулыбаев, «Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы» ММ басшысы:
Бүгінгі бастамасы ғана. Алда ай сайын өткізу жоспарланып отыр. Жұмыс беруші 1600-ге жуық мекемеден ұсыныс түсіп жатыр. Орын тығыз болуына байланысты, жәрмеңкені бөліп-бөліп ұйымдастырамыз.
Қостанай облысында жұмыс жасындағы 15 мың мүмкіндігі шектеулі адам болса, бүгінде соның 1500-і еңбек етуге ниет білдіріп отыр. Алайда, бұлардың тең жартысының кәсіби білімі жоқ. Сондықтан, оларды белгілі бір мамандық бойынша оқытуды қолға аламыз, дейді сала мамандары. Қысқасы, еңбек етемін, деген адамға ешқандай кедергі жоқ.
Дәуренбек ӘБДІБЕК