Тасқын судың себебі анықталуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тасқын судың себебі анықталуда

12.03.2014
Тасқын судың себебі анықталуда
Қызылорда облысындағы Жаңақорған ауданының аумағын су басуына «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізінің еш қатысы жоқ. «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясының басшылығы осындай уәж айтып отыр.
 
Кеше Үкімет отырысында Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко өңірдегі су тасқыны дәл осы тасжолдың кесірінен болды, деп еді.
 
Владимир Божко, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:
Сараптама қорытындысы көрсеткендей, қарғын су деңгейінің көтерілуіне «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізі құрылысының жобасындағы кемшіліктер себеп болып отыр. Онда су өткелдері қарастырылмаған. Мамандар Қызылорда облысы бойынша кемінде алты су өткелі керек, деген қорытынды шығарды. Серік Нығметұлы, дәліздің құрылысы әлі аяқталмауына байланысты құрылысқа жауапты мекемеге осыны тапсыруыңызды сұраймын.
 
Бүгін өңірге арнайы келген Ерік Сұлтанов жолдың бойындағы тиісті жерлерде су және мал өткелдері қарастырылған, дейді. Бұл орайда жергілікті тұрғындар пікірі ескерілген.
 
Ерік Сұлтанов, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ басшысы:
 Біз мал өтетін төрт өткел салдық. Жалпы, су  құбырлар арқылы өтеді. Сондықтан, болған жағдай біздің жолға ешқандай қатысы жоқ, деп санаймын.
 
Ерік Сұлтанов осылайша, өздерін ақтап алғысы келеді. Бірақ, аудан басшылығының бұған айтар қарсы уәжі бар.
 
Олардың айтуынша, тұрғындармен ақылдасқанымен оны жүзеге асыру кезінде кемшіліктерге жол берілген, яғни, құбырларды тиісінше орнатпаған.   Содан   су елді  мекенге жайылды.
 
Есдәулет Сейілов, Жаңақорған кентінің әкімі:
Жолдың бойындағы судың деңгейі шамамен 30 сантиметр болды. Ол кезде құбыр арқылы емес, төмен қарай ақты.
 
Екі жақтың пікірі бір-біріне қарама-қайшы. Сондықтан, екі тарап ортақ мәмілеге келе алмады. «Егер жол құрылысына өзгерту енгізетін болсақ, бір өткелге кем дегенде  70 миллион теңге қаржы керек», дейді мамандар.
 
Қысқасы, мәселе түбегейлі зерттелуі қажет. Сол үшін арнайы комиссия құрылатын болды. 
 
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу