Бурабайда мүмкіндігі шектеулі жандарға демалыс ұйымдастырылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бурабайда мүмкіндігі шектеулі жандарға демалыс ұйымдастырылды

12.03.2014
Бурабайда мүмкіндігі шектеулі жандарға демалыс ұйымдастырылды
Ақмола облысындағы Кәсіпкерлікті қолдау орталығы мүмкіндігі шектеулі жандарға арнап қайырымдылық шараларын өткізуді дәстүрге айналдырған. Бұл жолы орталық қызметкерлері Көкшетау қаласындағы   мүгедек жандар мен олардың отбасылары үшін Бурабай курорттық аймағындағы Лапландияға саяхат ұйымдастырды.
 
Саяхатқа қатысушылардың қатарында Көкшетау қаласының тұрғыны Еркін Ғаббасов та бар.  2007 жылы   оның екі аяғы жүруден қалып, арбаға таңылды. Жылдың төрт мезгілінде де жұмыс істейтін Лапландия, яғни, Аяз атаның әлемге әйгілі мекені оны қуанышқа бөледі. Әсіресе, бұғыларға жегілген шанамен серуендеу ұмытылмастай әсер қалдырды.
 
Еркін Ғаббасов, І топтағы мүгедек:
Бурабайға өмірімде бірінші рет келіп отырмын. Бұрын келе алмай жүргенмін. Бала-шағаммен осында қыдыртып жатыр. Көп рахмет, алғысым шексіз.
 
Бұл демалыс кешеніне кемтар жандармен қоса, олардың отбасылары да келді. Әуелі олар бұғы мен хаски итіне жегілген шанамен серуендеді. Одан соң лашықтағы бақсының өнерін тамашалады.
 
Одан кейін саяхатшылар Аяз атаның үйіне бас сұқты. Мұндағы қызыққа ересектерден гөрі, балалар мәз-мейрам. Өздерін құдды ертегілер әлемінде жүргендей сезінді. 
 
Бірінші қабатта олар әлемнің «жеті кереметін» тамашалады. Ал, екінші қабатта Аяз ата келген қонақтарға сыйлықтар таратты.
 
Фариза Тілеуқабылова, Көкшетау қаласындағы №18 мектептің оқушысы:
Маған Аяз атаның үйі ұнайды. Біз жеті қаланы тамашаладық. Соның ішінде Индия қаласы ұнады. Сондай-ақ, Аяз атаның сыйлығы да ұнады.
 
Жалпы, бұл саяхатқа он отбасы шақырылды. Мұндай игілікті шараны Ақмола облысындағы «Даму» қоры ұйымдастырды.
 
Ерболат Едігеев, Ақмола облысы бойынша «Даму» кәсіпкерлік қызметті қолдау орталығының қызметкері:
Елбасының Жолдауында мүгедектердің жағдайын жақсарту басты бағыттардың бірі екендігі айтылған. Соған сәйкес, «Даму» кәсіпкерлік қызметті қолдау орталығының «Даму көмек» атты мүгедектерді қолдауға арналған арнайы бағдарламасы бар.
 
Лапландиямен қоштасар сәтте мүгедек жандардың балалары өз армандарын қағаз бетіне жазып, пошта жәшігіне салды. Хатта олардың көбі мүмкіндігі шектеулі жақындарының сауығып кетуін тіледі.
 
Ерболат ТӨЛЕГЕНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу