1500-ден астам қасқыр атқан ақсақал - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

1500-ден астам қасқыр атқан ақсақал

10.03.2014
1500-ден астам қасқыр атқан ақсақал

Шығыс Қазақстан облысындағы Көкпекті ауданының тұрғыны Илья Бирюков 90-нан асса да, әлі күнге дейін шаңғы тебуді жанына серік етіп келеді. 

 
ІІ Дүниежүзілік соғыста мерген болған қарт майдангер қыс уақытында қасқыр атуға шыққанды ұнатады екен. Қария 40 жылдан астам уақыт токарь болып еңбек етсе де, бос уақытының барлығын аңшылыққа арнаған.
 
Илья Бирюков 92 жаста болса да әлі тың, қимылы ширақ. Қыс бойы шаңғымен жүреді. «80 жасымда бір күнде 40-50 шақырымды еш қиналмастан жүгіріп өтетінмін», дейді ол. Ал қазір, ақсақал күн сайын 10-15 шақырымға дейін серуендеп қайтады.
 
Илья Бирюков, соғыс ардагері:
Бала күнімен бері шаңғы тебемін. Бұл - денсаулыққа өте пайдалы. Ауылдың сыртына шығып, осылай бір айналып келсем, күні бойы сергек жүремін. Тәбетім жақсы болады. 
 
Өмір бойы шаңғыны серік еткен қария Кеңес заманында аңшылар одағының мүшесі болып, терісі бағалы аңдарды аулаумен айналысқан.
 
Берік Көшербаев, тілші:
Илья Бирюков бар ғұмырында 1500-ден астам қасқыр атып алған. Жас кезінде бір айда тіпті 40-45 қасқыр әкеліп жүрген кездері болыпты. Ал мына көкжалды, оның терісі әлі иленбеген, осы қыстың басында атып алыпты.
 
Қарияның, қасқырдан басқа қандай аң ұстағанын үйіне кіргенде көруге болады. Қабырғаға сілеусін мен түлкіден бастап, осы өңірде сирек кездесетін аңдардың да терілері ілінген.
 
Аңшылықтан әлі күнге дейін қол үзбеген қария ІІ Дүниежүзілік соғыстың ардагері. Қиыр Шығыс пен Маньчжуриядағы шайқастарға қатысқан. 
 
Людмила Евсекева, қызы:
Әкеміз соғыста мерген болған. Жаумен шайқасқанда ерлік танытып, сан мәрте медаль және ордендермен марапатталған.
 
Соғыстан оралған соң Илья Бирюков Көкпекті ауданындағы жол жөндейтін мекемеге жұмысқа тұрған. Темірден техникаға түрлі бұйымдар жасайтын цехта 43 жыл қызмет еткен. Қазір зейнеткерлікте болса да, бұрынғы жұмыс орнымен байланысты үзбепті.
 
Гүлдарай Мұхамадиева, Көкпекті ауданының № 29 жол пайдалану учаскесінің басшысы:
Айына 1-2 рет біздің ұжымға келіп, жігіттерге үйретіп тұрады.
 
92 жасқа келсе де шаңғы теуіп, қасқыр аулап жүрген ақсақал өмірлік жарымен бірге үш баланы өсіріп-жеткізген. Бүгінде солардан тараған немере, шөберелерінің қызығын көріп отыр.
 
Берік КӨШЕРБАЕВ

Хабарламаларға жазылу