Мақпал Әбдіразақова: Қыран құспен аңға шығу тек ер-азаматқа ғана тән емес - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мақпал Әбдіразақова: Қыран құспен аңға шығу тек ер-азаматқа ғана тән емес

10.03.2014
Мақпал Әбдіразақова: Қыран құспен аңға шығу тек ер-азаматқа ғана тән емес

Қарағанды өңіріндегі тұңғыш бүркітші қыз Мақпал Әбдіразақова «Қыран құспен аңға шығу тек ер-азаматқа ғана тән», дегенге келіспейді. Оның әкесінен дарыған киелі өнер - бүркітшілікпен айналысқанына 15 жыл.

 
Мақпал құсбегілікпен 13 жасынан бастап айналысып келеді. Оның алғашқы ұстазы - әкесі Мұрат та атағы алысқа шыққан бүркітші. Қолындағы құсын күтіп-баптауда, талай сонарларда қаршадай қызын үнемі қасына ертіп жүріпті.
 
Бүгінде міне, көзін ашқалы көрген киелі өнерді жетік меңгерген Мақпалдың өзі тәжірибелі бүркітшіге айналды.
 
Мақпал Әбдіразақова, бүркітші:
 Бастапқыда қыз балаға керек емес, бүркіт ұстау қиын болады, деушілер болды. Ең алғаш рет Есік қаласында өткен жарысқа қатыстым. Сол жерде менің құсқа ебімді, ыңғайымды байқаған ақсақалдар ақ баталарын беріп, бүркіт ұстауға рұқсат еткен еді.  
 
Содан бері Мақпалдың сенімді серігі болған қырағы құсы - «Ақжелке» қазір 13-те. Нағыз шеңгелі шымыр, тегеуріні темір, алымды шағы. Сонар түссе болды, бүркітші қыздың есіл-дерті далаға ауып тұрады.
 
Қалада оқуын бітірген соң Мақпалдың ауылға қайтып келуінің де себебі сол. Қарындасының бөлек табиғатын туған ағасы Серік те жақсы түсінеді. Өзінің де бүркітшілікпен айналысып жүргеніне 6 жыл болыпты.
 
Серік Әбдіразақов, Мақпалдың ағасы:
Бір бүркітті балапан кезінен ұядан алып, өзі өсіріп, өзі аңға салып үйретті. Жұмыстан тыс уақытта, қолы бос кезде аңға шығып кетеді.
 
Томағасын сыпырып, қыранын аңға салатын қазақ қазір некен-саяқ екені рас. Дегенмен, тәуелсіздігімізді алғалы ұлттық құндылықтарымыз қайта жаңғыруда. Оған қарағандылық бүркітші қыз Мақпалдың қосып жүрген үлесі зор.
 
Талай республикалық, халықаралық жарыстарда топ жарғанына ел-жұрт, әріптестері куә. Бүгінде оның айналасына топталып жүрген жастар да аз емес.
 
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу