Жанар Сағатқызы есімді қандасымыз Қытайдағы аз ұлттардың арасынан шықса да, таудай талантымен талайларды тамсандырып жүр. Шыңдалған кәсіби шеберлігімен өнердің өріне өрлеген режиссер қыздың кинодағы табысын белгілі мамандардың өзі жоғары бағалап отыр. Оның туындылары халықаралық деңгейде мойындалып, сан мәрте мемлекеттік сыйлыққа ие болды.
Жанар жастайынан әртіс болуды армандапты. Алайда, ата-анасы әдебиетші болғандықтан солардың жолын қууға бел буған. Мектепте жүріп өнерге бейімді, белсенді қыз бір күні танымал киногерлердің көзіне түсіп, «Жетім қыздың махаббаты» фильмінің басты рөліне шақырылады. Күтпеген жерден басына қонған бақты бағалай білген ол, барын салып, басты рөлді ойдағыдай сомдап шықты. Осылайша он жеті жастағы Жанар кино әлеміндегі алғашқы қадамын сәтті бастады.
Жанар Сағатқызы, кинорежиссер:
Рөлді ойнап болғаннан кейін кішкентай кезімдегі түс, арман қайтадан оянғандай болды. Сонда менің көңілім көркем өнер жаққа көбірек ауа ма екен, мен осы жақты тіпті қалаймын ба екен деп ойладым.
Қытайдың орталық театр институтының актерлік факультетіне оқуға түскен Жанардың тағы бір байқауда бағы жанды. Жүздеген қытайдың ішіндегі жалғыз қазақ қызы мыңнан дүлдүл шығып Мәскеуге режиссерлікке оқуға жолдама алды. Сонда тоғыз жыл тәлім алумен қатар «МИР» телеарнасында диктор болып жұмыс істеді.
Сөйтіп Қытайға білікті де, тәжірибелі маман болып оралады. Ең алғаш режиссерлік жұмысын Украинада «Құрыш қалай шынықты?» фильмін түсіруден бастады. Бұл еңбегі көпшіліктің көңілінен шығып, Жанардың есімін өнер өлкесінің заңғар биігіне әуелетіп әкетті.
Жанар Сағатқызы, кинорежиссер:
Мынау енді адамдарға танымал болдым. Сол жылы өте жақсы бағаны иеленген. Белгілі бір адамдар арасында өзімше атақ-даңқым боп қалыпты.
Бүгінде Жанар қарымды кинорежиссер ретінде халықаралық деңгейде мойындалған. Күллі қытайға кеңінен танымал он бестен астам көлемді телесериалдардың авторы. Олардың ішінде Қытайдың ең үздік кинотуындыларының сапынан орын алғандары да бар. Осылайша «Ынта болса адамда, қиын іс жоқ ғаламда» деп ұрандаған қазақ қызы қалың қытайды өнердегі өршілдігімен мойындатып жүр. Әлі де Жанар асар асулар аз емес.
Дәурен БАУЫРЖАНҰЛЫ