Осы сіз бен біз сүйсініп жейтін ыстық нан мен тәтті тоқаш, дәмі тіл үйірер торт дастарханымызға нәзік жандылардың аялы алақандарының табымен келеді.
Галина Челнокованың кәсібі кәдімгі нан пісіретін наубай. Талай жылдан бері Петропавл нан-тоқаш комбинатында жемісті еңбек етіп келеді. Мереке мен демалыс күндері той-тойлап қыдырғанға не жетсін, бірақ таңертең дүкен сөрелерінде ыстық нан тұруы тиіс. Демек жауапкершілік жоғары, міндет жүгі салмақты.
Галина Челнокова, наубайшы:
Пісірген нанымыздың дәмді болуы үшін жан саламыз. Әр адам жақсы тамақ жегісі келеді ғой. Сондықтан тырысамыз. Бұл іс өзіме өте ұнайды. 25 жыл болды осында жұмыс істегеніме. Жаңа піскен нанның иісі де керемет қой. Қаншама қиын кезеңдер болса да кеткен жоқпын.
Нан-тоқаш комбинатындағы жұмысшылардың басым бөлігі қыз-келіншектер. Тәулігіне 36 мыңнан астам бөлке нан пісіріледі. Қазір бұл жерде 250 әйел жұмыс істейді. Мұнда наннан басқа тәтті тоқаштар мен түрлі торттар да әзірленеді.
Сағындық Сәбитұлы, тілші:
Ас атасы нанның біздің дастарқанымызға қалай келетінін біреу білсе, біреу біле бермейді. Сондықтан наубайшы қыз-келіншектердің еңбегі ерен деп айтуға әбден болады. Өйткені күні бойы қамыр илеп ыстық пештің алдында тұру оңай шаруа емес.
Ал бұл торт дайындау цехы. Мария Клюева еңбек жолын енді-енді бастаған жас маман. Бірақ тәтті торт жасаудың нағыз шебері болып алған, күні бойы тыным көрмейді. Әсіресе, мерекелер мен демалыс күндерінің қарсаңында тапсырыс көп болғандықтан, жанталасып жұмыс істеуіне тура келеді.
Мария Клюева, кондитер:
Бір тортқа 1 сағаттан артық уақыт жұмсалады. Ал кейбір мерейтойға арналғандары үшін 1-2 күн жұмыс істеуге де тура келеді. Ал мереке қарсаңында тапсырыстар тіптен көбейеді. Өйткені жақындарын тәтті тағамдармен қуантқысы келетіндер өте көп.
Наубайханадағы қыз-келіншектердің ерен еңбектері сырт көзге көп байқала бермейді. Алайда, мұндағылар халық үшін маңызды жұмыс атқарып жүргендерін жете сезінеді. Еңбастысы әркім қоғамға пайдалы өзіне ұнайтын сүйікті ісімен айланысқанына қуанышты.
Сағындық СӘБИТҰЛЫ