Кинолог ісінің шебері – Дәметкен Әлмусина - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кинолог ісінің шебері – Дәметкен Әлмусина

07.03.2014
Кинолог ісінің шебері – Дәметкен Әлмусина

Ақылды төбеттерді үйретіп жүрген әккі кинологтардың қатарында да бұрымдылар баршылық. Мәселен, Астана қаласы Ішкі істер департаменті кинология қызметінде 7 қыз-келіншек еңбек етеді. Олар темірдей тәртіпке бағынып, бар күш-жігерін, төзімділігін халқының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, ел игілігіне жұмсап жүр.

 
Дәметкен Әлмусинаның кинология қызметінде еңбек етіп жүргеніне 7 жыл. Ол таңсәріде жұмысқа келіп, сүйікті ісіне білік сыбана кіріседі. Қолына қарғыбау алып, Мэриді ұясынан шығарады. Дәметкен бұл итпен 6 жылдан бері бірге. Күнделікті оны серуендетіп, жаттығу жасатады.
 
Лабрадор тұқымдас бұл ит жарылғыш заттардың иісін лезде сезіп, тез тауып алады. Бұл іске Мэри 8 айынан машықтандырылған. 
 
Дәметкен Әлмусина, Астана қаласы ІІД кинология қызметі орталығының инспектор-кинологы:
Біз мерекелік шараларда және ірі халықаралық жиындарда жұмыс істейміз. Мэри айтқанымды бұлжытпай орындайды.
 
Ал иіс сезгіштік қасиеті өте жақсы. Осыншама жылда бұл мені бірде-бір рет жерге қаратпады.
 
Мэридің иіс сезгіштігін тексеруге біз де бекіндік. Иммитатор затын алып, көлікке жасырдық. Оның иісі жарылғыш затқа қатты ұқсайды. Арада 5 минут өтпестен ит оны тауып, иесіне белгі берді.
 
Дәметкен Әлмусина, Астана қаласы ІІД кинология қызметі орталығының инспектор-кинологы:
Кинология қызметі, бір жағынан қарасақ, әйелдерге арналған сияқты. Әсіресе Лабрадор тұқымдас иттермен әйелдердің жұмыс істегені абзал. Өйткені бұлар сенің мейіріміңді сезеді. Және сені жылы қабылдап, айтқаныңды екі етпейді.
 
Дәметкен Мэримен бірге салтанатты шараларда түрлі қауіптің алдын-алады. Бұл кәсіби кинологтың біліктілігі.
 
Ерік Алпысбайұлы, Астана қаласы ІІД кинология қызметі орталығы басшысының орынбасары:
Дәметкеннің жұмысы қиын. Егер меркелік шара болатын болса, сол жерге бірінші жетіп, еш қауіп жоғына көз жеткізеді. Содан кейін ғана алаңсыз мереке жүре береді. Мен оның жұмысқа деген махаббатына тәнтімін. Бір-де бір ескерту алған емес, тапсырмаларды ұқыпты орындайды. Ол өз жұмысын сүйеді.
 
Қыз болса да, қырағылық танытып, жауапты шаруаны атқарып жүрген аға лейтенант шеніндегі Дәметкен әрі қарай да ел тыныштығы үшін адал қызмет атқара бермек.
 
 
Сәкен СЕЙІТХАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу