Бүгін Астанада төтенше жағдайлар қызметінің «Көктем-2014» атты оқу-жаттығулары өтті. Бұл көктемде қар еріп, жүріс-тұрыс қиындап, елдің берекесін алған кезде тиісті органдардың абдырап қалмауы үшін жасалатын шара.
Иә, осы уақытта төтенше жағдайлар қызметі бір шабылып қалатыны бар. Биыл да сол олқылық орын алмас үшін тиісті жаттығулар өтуде.
Жансейіт Досалының төтенше жағдайлар қызметінде еңбек етіп жүргеніне 10 жыл. Осы уақытқа дейін ол түрлі қауіпті жағдайлармен бетпе-бет келген. Қызыл жалын мен де су тасқынымен де күрескен.
Мамандығын мақтан ететін ол халық өміріне қауіп төнбеу үшін бар күш-жігерін салмақ. Қазір оларға уақыт берілді, тез арада белгіленген аймаққа құмнан бөгет тұрғызу керек.
Жансейіт Досалы, Мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға инженері:
Жаттығудың мақсаты - біздің деңгейімізді көтеру. Су тасқыны болған жағдайда бізге дайын болуды міндеттейді. Астана қаласының гарнизоны толықтай дайын.
Бүгінгі арнайы тактикалық оқу-жаттығуға 80 адам және 22 көлік жұмылдырылды. Бұл техника мен қызметкерлер төтенше жағдайларға сақадай сай. Егер тағы жұмыс күші қажет болса, қосымша мың адам көмекке келеді.
Ибрагим Күлшебаев, Астана қаласы ТЖД басшысының орынбасары:
Былтырғы жағдайда әр көшелерде әр жерлерде су тасқыны болғанын бәрі біледі. Енді ол қауіпті жерлердің қарын тазалап, құбырларын тазартып жатырмыз.
Мұндай жаттығудан бөлек Төтенше жағдайлар департаменті әр жұма сайын аптада атқырылған жұмыстарды пысықтап отырады. Мәселен осы уақытқа дейін қаладан 2 миллион 200 мың шаршы метр қар шығарған. Салыстырып өтсек, өзге облыстардың қарынан бұл 10 есеге көп.
Сәкен Сейітханұлы, тілші:
«Көктем-2014» оқу-жаттығуы осымен аяқталды. Төтенше жағдайлар қызметкерлері белгіленген уақытта су тасқыны болатын аймаққа бөгет тұрғызып үлгерді. Енді бұл жерге ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Тасқынның алдын алу оңай шаруа емес. Дегенмен, мұндай жаттығудың алдағы уақытта пайдасы тиері сөзсіз.
Сәкен СЕЙІТХАНҰЛЫ