Қар тазалау жұмыстары қарқын алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қар тазалау жұмыстары қарқын алды

06.03.2014
Қар тазалау жұмыстары қарқын алды

Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері қар астында қалған 40 көлік пен 130 адам құтқарылды. Бұл - облыстық және аудандық маңызы бар жолдарда тіркелген оқиғалар. Ал республикалық маңызы бар трассада мұндай фактілер болған жоқ. Өйткені биыл қар қаншалықты қалың түскеніне қарамастан, жолшылар тосын жайттардың алдын алып, дер кезінде тосқауыл қойып отыр. 

 
Солтүстік Қазақстан аумағынан республикалық маңызы бар бір мың бес жүз шақырым жол өтеді. Жыл сайын орманды алқаптар маңын қар алу оқиғалары жиі кездеседі. Мұндай оқиғаларды болдырмау үшін жол тазалаушы мекеме мен төтенше жағдайлар қызметкерлері бірлесіп арнайы шаралар жүргізеді.
 
Елубай Жуасбаев,  жолды пайдалану учаскесінің шебері:
Қар жауып не тайғанақ болып жол жабылған жоқ. Заманауи техникалар бар,  «Камаз», «Рено» секілді.  Жаңа автогрейдер әкелдік.
 
Ербол Ақпаров, «Қазақавтодор» мекемесінің қызметкері:
Күн-түн демей жол тазалау соның міндеті. Биыл қар қалың түскендіктен жұмысы да ауырлады. Түн десе түнде, күндіз десе күнде шығамыз. Жолдардың бәрін таза ұстаймыз. Қолдан келгеннің бәрін істеп жатырмыз.
 
Қазақстанның солтүстік қақпасы болғандықтан Ресейдің үш облысына апаратын және Жезқазған, Қостанай, Астана бағытына қатынайтын жолдарды жіті қадағалап отыру үшін жыл сайын жаңа техникалар жеткізілуде. Осының арқасында биыл төтенше оқиға орын алған жоқ. Ендігі мақсат - көктайғақ болуы мүмкін деген учаскелерді тазартып, басты назарда ұстап отыру.
 
 
Сағындық СӘБИТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу