Жігері жасымаған зағип жан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жігері жасымаған зағип жан

05.03.2014
Жігері жасымаған зағип жан

Көкшетаулық Дәметкен   Қалкенова көз жанарынан айырылса да, ешкімге алақан жайған емес. Өз бетінше кәсіппен айналысып, жалғыз өзі екі баланы қатарынан кем қылмай тәрбиелеп отыр.

 
Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі жан қоғамдық іс-шараларға да белсенді араласады. Ол Әйелдер күніне орай ұйымдастырылатын концеттік бағдарламаға да  үлесін қоспақшы.
 
Көз жанары мүлдем көрмейтініне қарамастан Дәметкен Қалкенова тігіншілікпен айналысады. Бұл кәсіпті шебер игеріп алғаны соншалықты, оның қолынан шыққан сапалы заттарға таңданбасқа шараңыз жоқ.
 
Содан болар, негізінен көрпе-жастықтың тысын әзірлейтін тігіншіге тапсырыс берушілер толастаған емес. Жігерлі жан осыдан алты жыл бұрын қайтыс болған отағасының орнын жоқтатқан емес. Тағдыр тауқыметінің тегеурініне қарамастан , бір өзі екі баласын қатарынан кем қылмай, бағып-қағып тәрбиелеп келеді.  
 
Дәметкен Қалкенова, І топтағы мүгедек:
Біреуден жоғары, біреуден төмен емеспін. Баламды оқыттым. Жасы - 24-те. Екінші қызым Астанада оқып жатыр. Бар мүмкіндігімді салып, оқытсам деймін. Ұлымды ұяға, қызымды қияға қондырсам деген арманым бар.
 
Тағдыр Дәметкенді мына дүниенің есігін ашқан сәттен-ақ маңдайынан сипай қойған жоқ. Керісінше, қатал сынға алды. Екі көзі бірдей көрмейтін кемтар болып туды. 
 
Ол аздай, ажал құрсауына іліккен әкесінен есеймей жатып айырылды. Жесірліктің қамытын тым ерте киген анасы мұны арқалап жүріп өсірді. Соның бәрін бір сәтке де есінен шығарған емес.
 
Кәсібінен қолы босаған сәтте, анасына деген сағыныш сезімін әлдилеп, ән салып басады. Алдағы қыз-келіншектер мерекесіне орай Зағиптар қоғамында ұйымдастырылатын концертке қызу дайындық кезінде де әрбір әнін іштей анасының рухына бағыштайды. 
 
Андрей Михел, І топтағы мүгедек: 
Дәметкен - өте белсенді әйел. Менің сүйемелдеуіммен ол осы уақытқа дейін көптеген қазақ әндерін шырқады. Онымен танысқаныма 14 жыл болды. Осы сәтті пайдалана отырып, барлық әйелдерді келе жатқан төл мерекелерімен құттықтаймын.
 
Мереке қарсаңында Дәметкен Қалкенқызының ерік-жігеріне тәнті болған жерлестері құрмет көрсетті. Көкшетаулық кәсіпкер азамат зағип жанды мерекесімен құттықтап, кәсібін жеңілдету үшін жаңа тігін машинасын сыйға тартты.    
 
 Ерболат ТӨЛЕГЕНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу