Айрандай ұйып отырған бір отбасын қырып салған қылмыскерлерге қатысты сот үкімі өзгеріссіз қалды. 2013 жылдың жазында Алматыдағы жантүршігерлік оқиғаға байланысты айыптыларды өмір бойы бас бостандығынан айыру туралы өткен жылдың 8-қарашасында сот шешімі шыққан болатын.
Алайда, сотталушылар үкіммен келіспей, апелляциялық шағым түсірген. Бүгін Алматы қалалық сотында осы іс қаралып, сот шағымды қанағаттандырмай, қылмыскерлердің жазасын сол күйінде қалдыру туралы үкім шығарды.
Қылмыскерлер Тұрдиев пен Мамреев шағымдарында өздеріне тиесілі жазаның тым қаталдығын айтып, жеңілдетуді сұраған.
Ал, Мұқажанов болса сол екеуінің азғыруымен қылмысқа барғанын, оған алдын ала дайындалмағанын, тек ұрлық жасау үшін барғанын айтып, сот шешімімен келіспеді.
Қорғаушысы да Мұқажановтың денсаулығының нашарлығын, бұрын сотталмағанын, қылмысқа қорыққанынан барғанын айтып, жазаны жеңілдетуді сұрады. Алайда, жәбірленуші жақ та, прокурор да айыпталушылардың қылмыстарының толық дәлелденгенін айтып, соттан жазаны жеңілдетпеуін өтінді.
Лұхмат Мерекенов, Алматы қалалық сотының судьясы:
Апелляциялық шағымды қанағаттандырусыз қалдыру туралы шешімге келдік.
Ержан Сатыбалды, жәбірленуші:
Бүгінгі судья әділ шешім шығарды, рахмет. Ешкім енді мұндайды көрмесін. Қазақ қайғы жұтпасын.
Тоғжан ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ