«Нұр Отан» партиясының хатшысы Қайрат Сатыбалдының бастамасымен 8-наурыз Халықаралық әйелдер мейрамы қарсаңында алматылық аналар мен қыз-келіншектерге сый-сияпат жасалды.
Жамбыл атындағы филармонияға жиналған әйелдердің басым көпшілігі - ұзақ жылдар бойы еліміздің экономикасы мен мәдениетін көтеруге зор үлес қосып, зейнеткерлікке шықса да жүрек қалауымен өздері таңдап алған қызметтерін әлі күнге атқарып келе жатқан көрнекті қоғам қайраткерлері.
Құттықтау кешінде «Салтанат» би ансамблі өнер көрсетіп, әлем халықтарының билерін тарту етті. Ақ тілекке толы құттықтау хаттары оқылып, аналар қауымы бір шаттанды.
Мәрзия Тұрлыханова, ардақты ана:
Айтатын тілек көп, анаға, өсіп келе жатқан қыздарға. Қыздарымыз қазақтың нағыз намысын қорғайтын қыз болсын деп тілеймін. Ол үшін төзімділік, шыдамдылық керек, ақылдылық керек. Сондай ақылды, ойы ұшқыр болса, ол қыздар бізге сұлу көрінеді. Сұлу қыздарымыз көп болсын. Ол келешек ана. Аналар жасай берсін, әжелер әрқашанда ақылын айтып, батасын бере берсін дегім келеді.
Қанат Мұсақұлов, «Нұр Отан» партиясы хатшысының кеңесшісі:
Ананың қасиеті, мән-маңызы әр азамат үшін ерекше. Өйткені алып та, батыр да анадан туады. Ең бірінші бүкіл аналарымыз, қарындастарымыз, қыздарымыз аман болса екен. Оларға қашанда болсын көктемгі көңіл-күй сыйласақ екен.
Айгүл ЕРМАХАН