Жамбылдық диқандар көктемгі егіске дайындалуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбылдық диқандар көктемгі егіске дайындалуда

03.03.2014
Жамбылдық диқандар көктемгі егіске дайындалуда
Жамбыл облысының шаруалары көктемгі егіске қам жасап жатыр. Көпшілігі қолда бар техникасын майлап, құрал-сайманын сайлап, күннің жылынғанын ғана күтіп отыр.
 
Айта кетер бір жайт, шаруалар жаңашылдыққа бет бұра бастаған. Жылда ағын судан тапшылық көретін диқан қауым енді ылғалды аса көп қажет етпейтін малға азық болатын майлы дақылдарды екпек.
 
Марат Елеуов биыл 100 гектар жерге арпа, бидай, тағы 50 гектар алқапқа мақсары екпек. Тұқымы дайын. Қоймада сақтаулы. Қолда бар тракторы мен соқа сайманын да жөндеп қойған. 
 
Марат Елеуов, шаруа қожалығының басшысы:
Тракторлардың барлығы дайын, механизаторлар бар. Енді күн сәл жылынса, егіске шығамыз.
 
Соңғы жылдары ауыл-аймақта жүгері, жоңышқа мен мақсары секілді майлы дақылдарды егіп жатқандар көп. Өйткені, дақылдың бұл түрлеріне субсидия көлемі бірнеше есе ұлғайды.
 
Оның үстіне Елбасы да, биылғы Жолдауында аграрлық салада тиімді тәсілдерді молынан пайдалануды баса айтты.   Мұндай жаңашыл тірлікті Марат Елеуов те мақұл көріп отыр.
 
Марат Елеуов, шаруа қожалығының басшысы:
Су аз кету үшін ертерек арпа, бидай ексек деп отырмыз.
 
Жалпы, Жамбыл ауданында бүгінде 2,5 мыңнан астам шаруа қожалығы бар. Олар биыл 57 мың гектардай жерге егін салмақшы.
 
Аманәлі Құрбанов, Жамбыл ауданы әкімдігі Ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
Қазіргі күнде шаруашылықтарда 50-60 тонна дизель жанармайы бар. Сонымен бірге, қажетті тұқым көлемі толық дайындалған. Қазір зертханалық сараптамаға өткізілуде.
 
«Көктемнің әр күні жылға азық». Осыны жете түсінетін еңбекқор шаруа күн жылып, жердің тоңы жібісімен қызу тірлікке кіріспек. 
 
Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу