Көкек әкелер көбейіп барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көкек әкелер көбейіп барады

20.02.2014
Көкек әкелер көбейіп барады
 
 
Алматы облысында көкек әкелер көбейіп барады. Соңғы мәлімет бойынша, өңірде 14 562 балаға алимент төленбейді.
 
Елбасы Жолдауында ана мен бала құқығының қорғалуына ерекше мән берді. Осыған сәйкес бірқатар заңнамаларға толықтырулар мен өзгертулер енгізілді. Енді әкелік міндетінен қашқан азаматтарға жаза күшейе түседі.
 
Талдықорғандық Рита Бекенованың күйеуімен ажырасқанына ақпанда тура 4 жыл. Ол кезде қызы небәрі екі айлық болатын. Төрт жыл бойы жалғызбасты ана бұрынғы зайыбынан ешқандай өтемақы өндіре алмай келеді.
 
Сотқа да берді. Іздеу де салды. Бірақ әке жауапкершіліктен қашқалақтап жүр.
 
Рита Бекенова, жалғызбасты ана:
Уақытында ажырасқаныма өкінбеймін. 4-5 бала болса, қандай жағдайға келетінімді білмеймін. Ешқандай жауапкершілігі жоқ.
 
Рита сынды жалғызбасты аналардың соңғы үміті - сот орындаушылар. Бірақ жылдан-жылға ажырасу көбейгендіктен, олардың алдында да мұндай істер том-том болып жиналып қалуда.
 
Руслан Исаев, Сот актілерін орындау департаменті басшысының орынбасары:
Облыс бойынша қазіргі күні 90 сот орындаушы қызмет атқарады. Яғни мыңға жуық іс әр сот орындаушының өндірісінде.
 
Биыл әкелік борышын орындамай жүргендерге жауапкершілік  те күшейді. Дүние-мүліктері қамалып, сыртқа шығуға да шектеу қойылды. Жаңа заңның нәтижесі жыл соңында белгілі болады. Ал облыс прокурорлары мұндай мәселелерді шешудің тиімді жолдарының бірі деп, әлеуметтік роликтер түсіре бастады.
 
Қуаныш Қанатұлы, тілші:
Мына бір ғана мұқабаға 20-ға жуық іс тігілген. Ал Талдықорған қаласы бойынша әкелік міндетін толық орындамай жүрген 5,5 мың азаматқа іс қозғалған. Олардың тең жартысы алиментін төлеп жатса, тең жартысы мүлдем төлемейтін көрінеді. Демек, қаладағы 6 мыңдай бала тағдыры мына сөреде тұр.
 
Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу