Елбасы биылғы Жолдауында мүмкіндігі шектеулі жандардың еңбек ету мүмкіндігін шектемеуге шақырды. Жұмыс берушілерге оларды жағдайына қарай қызметке алып, өзін-өзі асырауға көмектесуді тапсырды. Ондай азаматтарды қоғамнан алшақтатпауда мемлекеттік бағдарламалардың да жәрдемі бар. Бүгінде әркім қолынан келетін кәсіптің жалына жармасып тірліктерін тіктеп әкетуде. Сондай еңбекқор жандардың бірі Талдықорғанда тұрады.
Осыдан 16 жыл бұрын Петр Коломиец жол көлік апатынан екі аяғынан да айрылған болатын. Сол кезде үйленгеніне небәрі бір жыл толған жігіттің бүкіл арман-мақсаты тұйыққа тірелді. Біраз уақыт нәпақасын аяқ-киім жөндеп, жамаумен тауып жүрді. Ал осыдан 4 жыл бұрын «Даму» қоры арқылы тігін машинасын алып, жаңа кәсіпті бастап кетті. Қазір ол көліктердің салонын жаңартумен және орындық қаптамаларын тігумен айналысады.
Петр Коломиец, кәсіпкер:
Біз әуел баста мынандай үй аяқ киімін тігуді қолға алдық. Бірақ көрші елдерден келетін, сапасы төмен болса да, арзан аяқ киімдер біздің нарықты жаулап алды. Сонда мен көлік орындықтарын қаптауды қолға алдым. Қазір жаман емес. Бала шағамды асырап отырмын. Бұл біздің отбасылық кәсібімізге айналды.
Қыс мезгілінде үй алдында көліктерге қызмет көрсетуге мүмкіндік жоқ. Суық. Сондықтан кәсіпкер жұмыс істеуге қолайлы ғимарат салғысы келеді. бірақ оған қаражат жеткіліксіз. Мүмкіндігі шектеулі жандарға несие алу да қиямет қайым. Жуырдағы Елбасы Жолдауы Петрдің үмітін қайта оятты.
Петр Коломиец, кәсіпкер:
Елбасы біз сияқты жандарды ешқашан ұмыт қалдырмайды. Мүмкіндігінше әртүрлі бағдарламалармен көмектесуге тырысады. Біз оған әрине қуанышпен қараймыз. Сондықтан еліміздің дамуына біз де өз үлесімізді қосуға дайынбыз.
«Даму» қорының облыстық филиалына Петр Коломиец сынды азаматтар көптеп хабарласады. Өңір бойынша кәсіпкерлікті қолдау қоры 80-нен астам азаматтың кәсібін бастауға көмектесті.
Жандос Нұрғазинов, «Даму» қорының өңірлік филиалының бас менеджері:
Келіп түскен өтініштер арасында жиһаз өңдейтін құрал-жабдықтар бар. Фотосалонға қажет құрал-жабдықтар бар, тігін машиналары, компьютер, ноутбук сияқты заттарға өтініштер бар.
Мүмкіндігі шектеулі жандар көп қиындықты осылай еңбекпен жеңеді. Ал кәсіпті табысты ету үшін мемлекеттің де қолдауы қажет.
Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ