Басты Жаңалықтар Коммуналдық салаға инвестиция көлемі артады

Коммуналдық салаға инвестиция көлемі артады

Орал қаласында магистральдық жылу желілерін, Ақсайда жылу желілерін реконструкциялау толықтай дерлік аяқталды. Енді Екібастұз, Теміртау және Қарағанды қалаларында ауқымды жұмыстар жүріп жатыр. Бұл жобаларды қаржыландыруға отандық банктермен қатар, халықаралық қаржы институттары, соның ішінде Еуропалық қайта құру және даму банкі тартылған. Бұл жөнінде «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыруға арналған Қоғамдық кеңестің отырысында айтылды. Ұлттық экономика министрлігінің дерегінше, биыл жөнделетін инженерлік желілердің ұзындығы екі есе артып, 12 мың шақырымға жетті. Жыл соңына дейін әбден тозған сегіз табиғи монополия нысанының жағдайын жақсарту жоспарланып отыр. Сондай-ақ, келер жылы коммуналдық салаға салынатын инвестиция көлемін 1,9 трлн теңгеге дейін арттыру көзделген. Жиынға қатысқан вице-премьер Қанат Бозымбаев жұмыс ауқымын ескере отырып, қабылданатын шешімдердің ашықтығын қамтамасыз ету ерекше маңызды болып отыр деді. Кеңес мүшелері отандық өнімді пайдалану, инфрақұрылымның тозуын азайту және жөндеу жұмыстарының сапасын бақылау мәселелерін қозғап, алдағы міндеттерге қатысты өз пікірлерін ортаға салды.

Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

Бұл жерде мәселе тозған желілер мен жабдықтарды жай ғана ауыстыруда емес, тиімділігін миллиондаған азаматтың күнделікті өмірі байланысты болатын инфрақұрылымды кешенді жаңғыртуда болып отыр. Сондықтан біз Қоғамдық кеңестің Ұлттық жобаның іске асырылуын тәуелсіз бағалаудың пәрменді тетігіне айналуына мүдделіміз.

Бөлісу