Басты Жаңалықтар Өнерге әркімнің-ақ бар таласы

Өнерге әркімнің-ақ бар таласы

Бүгін Алматыда «Шығармашылық тілі. Тең мүмкіндіктер кеңістігі» ұранымен республикалық инклюзивті фестиваль өтті. Биыл төртінші рет ұйымдастырылған шара есту қабілеті бұзылған талантты жастардың басын қосты. Олар ән айтып, би билеп, өнерлерін ортаға салды.

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар жастар әнұранды жүрекпен шырқап жатыр. Олар үшін өз өнерін көрсетуге ешқандай кедергі жоқ. Бұл – талантты өрендердің шығармашылыққа деген сүйіспеншілігінің айқын көрінісі. Жыл сайын өтетін «DEAF MADE» фестиваліне Алматы технология және флористика колледжі бастамашы болды.

Лаура Жармұханбетова, Алматы технология және флористика колледжі директорының М.А:

Бұндай шаралардың республика көлемінде әрдайым жүргізілуі ерекше білім беру қажеттілігін талап ететін балаларға зор мүмкіндік ашады. Және олардың тең білім алуына, өмірге жол табуына және де кәсіп иелері болуына үлкен мүмкіндіктер беретініне сенімдіміз.

Республиканың түкпір-түкпірінен жиналған жастар ән шырқап, би билеп, көпшілікті таң-тамаша етті. Фестивальде өнерлі өрендер шығармашылық қойылым қойып, этнодизайн стиліндегі сән көрсетілімдерін ұсынды. 

Айкен Есімбекова, №5 арнайы мектеп-интернаты директорының орынбасары:

Біз бүгінгі байқауға ым тілінде ән, би одан кейін өзіміздің мектептің біздің бренд деген видео фильмін алып келдік. Қазір енді көрсетіліп жатыр. Балалар өте жақсы көңіл күйде. Білім алудан, тәрбие алудан басқа да спортқа, биге, жылдамдыққа өте бейім балалар.

Фестиваль аясында қатысушылардың өз қолымен жасаған бұйымдарынан көрме де ұйымдастырылды. Инклюзивті фестиваль – таланттарды таныту алаңы ғана емес, жаңа достар тауып, теңдік пен өзара құрмет қағидаттарын дәріптеуге арналған орта. «Шығармашылық тілі. Тең мүмкіндіктер кеңістігі» ұранымен ұйымдастырылған байқау келесі жылы да жалғасын табады.

Бөлісу