Көгілдір отын ауыл халқының тірлігін жеңілдетті
Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Арқарлы елді мекенінің тұрғындары көгілдір отынға қол жеткізді. Ауылдағы ағайын бұл игілікті көптен күткенін айтады. Себебі, шалғай жатқан аймақтың қысы қытымыр. Ал көмірді 70 шақырым жерден тасып, отын қылатын. Енді бұл мәселе артта қалды. Тұрғындардың қуанышына әріптесім Нұрдәулет Сыздық та ортақтасып қайтқан еді. Сюжеттен көрейік.
Арқарлы ауылы көгілдір отынға қосылып, 300-ге жуық тұрғынның тіршілігі жеңілдеді. Табиғи газдың келгеніне көп болмаса да, 10-нан астам шаңырақ өркениет игілігін көре бастады. Олардың қатарында Бектенбаевтар әулеті де бар. Отбасы мүшелері көмір тасып, күл шығарудың машақатынан құтылғанына дән риза.
Үмітгүл Жетібаева, Арқарлы ауылының тұрғыны:
Бұрындары бауырсақ пісіретін болсақ, далаға от жағып, уақытымызды көп алушы еді. Енді табиғи газ келіп, бауырсағымызды үйде газға пісіріп, үйіміз жылынып, тамаша жағдайда болып жатырмыз енді.
Дүйсекүл Әбдібаева, Арқарлы ауылының тұрғыны:
Жас кезімізде мейлі малшы болсын, мейлі көшедегі адам болсын, бәрі тезек жақты. Кейін көмір шыққанда көмір жақтық. Енді міне, газ жағып жатырмыз. Немерем тұрмақ, шөберелерім көріп, газды қуанып, ойнақтап жатыр.
Арқарлы ауылына көгілдір отын жеткізу үшін 5 шақырым магистральдық құбыр тартылып, ел қазынасынан 102 миллион теңге бөлінді. Биыл өңірде Арқарлы ауылынан бөлек, тағы 17 елдімекен тұрмысы түзелді. Келер жылы тағы 50 мыңнан астам тұрғыны бар 25 ауыл көгілдір отынға қосылады. Ол үшін магистральдық құбырлар тартылып, газ тарату желілері салынып жатыр.
Асыл Мұқанәлі, Облыстық энергетика және сумен жабдықтау басқармасы басшысының орынбасары:
Қазіргі уақытта, өздеріңіз білетіндей, Кеген, Райымбек аудандарына мүлдем газ жеткізілмеген. Сол аудандарға газ жеткізу үшін Шелек–Кеген–Нарынқол деген магистральдық 294 шақырым газ құбырын жеткізу жоспары әзірленіп, дайын тұр. Келесі жылға республикалық бюджеттен алдын-ала қаражат мақұлданды. Келесі жылдың басында жұмыстар басталатын болады.
Айта кетейік, Алматы облысында 373 елдімекен бар. Оның 175-іне көгілдір отын тартылған. Мамандар қалған ауылдарды алдағы төрт жылда толық қамтуды жоспарлап отыр. Игі бастама аймақтардың тұрмыс сапасын арттырып, инженерлік инфрақұрылымның дамуына мүмкіндік береді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы