Басты Жаңалықтар Атырауда 30 отбасы баспаналы болды

Атырауда 30 отбасы баспаналы болды

Атырауда 30 отбасы баспаналы болды. Олар пәтерлерді сатып алу құқығымен жалға беру бағдарламасы аясында жаңа үйге қол жеткізді. Қоныс иелерінің қатарында көпбалалы отбасылар, ерекше күтімді қажет ететін бала тәрбиелеп отырған ата-аналар, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар азаматтар, сондай-ақ жетім балалар бар. Жаңа пәтерлердің кілтін облыс әкімі Болат Ақшолақов пен «Отбасы банк» басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова табыстады.

«Отбасы банк» пен облыс әкімдігінің бірлескен жұмысы нәтижесінде тұрғын үй кезегінде тұрған 470 азаматтың жағдайы жақсарған. Ал 2023-2026 жылдар аралығында жастарға, медицина қызметкерлеріне және аудан тұрғындарына арналған арнайы бағдарламалар арқылы 689 адам қоныс тойын тойлаған. Бүгін игі дәстүрдің ізін жалғап тағы 30 адамға баспана кілті табысталды.

Нұржан Мұғалімов, «Отбасы банк» АҚ Атырау облысы филиалының басшысы:

Бұл несие емес. Осал топтар жасыратыны жоқ тұрмыс жағдайына байланысты, материалдық жағдайына байланысты несие төлей алмайтын болғандықтан әдейі біз осы бағдарламаны жүзеге асырдық. Бұл бағдарлама белгілі бір уақыттан кейін өзі түгелдей сатып алу құқысы бар.

Жаңа қоныс иелерінің бірі – Сандуғаш Өтегенова. Үш баланың анасы осы уақытқа дейін 15 жыл бойы пәтер жалдап келген. Енді өз шаңырағына қол жеткізіп, балаларымен бірге жаңа өмір бастауға мүмкіндік алды.

Сандуғаш Өтегенова, Атырау қаласының тұрғыны:

Бүгін қоныс тойға қол жеткізіп жатырмын. Баспаналы болып жатырмын. Қуаныштымын. Бәрі балаларымның несібесі. Үй ұнады, күшті екен. Аппақ, жып-жылы.

Өңірде тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды қолдау жалғасып келеді. Бүгінде облыста 147 мыңнан астам тұрғын «Отбасы банкінде» баспана алу үшін депозит ашқан. Олардың жалпы жинағы 114 миллиард теңгеден асады.

Бөлісу