Басты Жаңалықтар Қазақстан цифрлық үкімет рейтингінде әлемнің 193 елінің ішінде 16-орынға көтерілді

Қазақстан цифрлық үкімет рейтингінде әлемнің 193 елінің ішінде 16-орынға көтерілді

Қазақстан электрондық үкіметті дамыту бойынша әлемдік рейтингте 16-орынға көтерілді. Екі жыл бұрын 24-орында болған еліміз бірден 8 сатыға жоғарылап, үздік 20 мемлекеттің қатарына енді. Біріккен ұлттар ұйымының бағалауынша, бұл әлемдегі ең елеулі өсімдердің бірі. Қазақстан Орталық Азияда осы деңгейге жеткен алғашқы ел. Бүгінде Қазақстан электрондық үкіметтің даму деңгейі бойынша Оңтүстік Корея, Дания, Сингапур, Ұлыбритания, Эстония және АҚШ қатарында. Әлемдік рейтингте Өзбекстан 32-ші, Әзербайжан 38-ші Ресей 50-ші орында. Қазір Қазақстандағы мемлекеттік қызметтердің 90 процентін онлайн алуға болады. eGov порталында 16 миллионнан астам адам тіркелген. Биыл қаңтар-қазан аралығында электрондық үкімет арқылы 51 миллион қызмет түрі көрсетілді. Цифрлық жүйелер жаңартылып, мемлекеттік деректер базалары біріктірілді. Жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін халыққа қызмет көрсету орталықтары ашылып жатыр.

Айнұр Юсупова, ҚР ЖИЦДМ мемлекеттік көрсетілетін қызметтер комитетінің төрағасы:

Біз осы бағыттағы өз жұмысымызды жалғастыратын боламыз. Бұл жерде мемлекеттік қызметтерді тек қана жеке-жеке цифрландыру емес, бұл – сол қызметтерді жалпы адамның өмірлік жағдайына бейімдеу. Өмірлік жағдайы деген сөз бір өтінішпен бірнеше қызметтерді алу. Жасанды интеллектінің мүмкіндігін қолдану.

Бөлісу