Басты Жаңалықтар Зиянды қалдық 13 есе азаяды: Екінші жэо желтоқсанда іске қосылады

Зиянды қалдық 13 есе азаяды: Екінші жэо желтоқсанда іске қосылады

Жаңа жылдан бастап Алматыдағы екінші жылу электр орталығы көмірден толық бас тартып, газға көшпек. Соның арқасында станциядан бөлінетін зиянды қалдық  көлемі шамамен 13 есе азаяды. Бұл мегаполистің экологиялық мәселесін түбегейлі шеше ала ма? Әйгерім Ердәулет, баяндасын.

Алматының аспанын торлаған мынадай қою қара түтін қала тұрғындары үшін үйреншікті көрініске айналғандай. Лас ауаның салдарынан бірінің аллергиясы қозса, енді бірі, тіпті, терең тыныс алудан қалдық,- дейді. Саф ауаны аңсағандар демалыс күні таңнан тауға қарай тартатыны жасырын емес. Сондықтан да болар, қалалықтар екінші жылу орталығының газға көшетінін асыға күтіп жүр.

Алматы үшін жылу электр орталығының көгілдір отынға ауысуы – ұтымды экологиялық шешім,- дейді мамандар. Қазір станцияда негізгі жабдықтар орнатылып, тексерілуде. Жауаптылар жыл соңына дейін орталықты толық  іске қосамыз деп уәде беріп отыр.

Андрей Котов,  «Алматы электр станциялары» АҚ департамент директоры:

Жоба бойынша орталықтың электр қуаты 557 мегаватт, ал жылу қуаты сағатына 957 гигакалория. Қазір ескі жылу электр станциясы қаланы жылу әрі жарықпен 40 пайыз қамтамасыз етіп отыр. Ал жаңа орталықтың қуаты бұдан да жоғары болады. Ал газға көшкен соң ауаның сапасы жақсаратыны сөзсіз.

Иә, осы уақытқа дейін көмірмен жұмыс істеп келген станция жылына 37 мың тоннадан астам зиянды зат бөледі. Газға көшкеннен кейін бұл көрсеткіш 2 мың 700 тоннаға дейін төмендемек. Яғни, зиянды қалдық шамамен 13 есе азаяды. Енді күл мен шаңнан біржолата құтылып, ауаға күкірт диоксиді де бөлінбейді. Ал азот оксидтері мен көміртек тотығының көлемі де айтарлықтай азаяды.

Алмат Әлқожа, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Алматы қаласы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары:

Ол газға ауысқан жағдайда 2,7 мың тоннаға дейін қысқарады. Бұл дегеніміз 97 пайызды құрайды. Былай енді логикалық салыстырып қарағанның өзінде үлкен жақсы оң нәтиже беретіні белгілі.Алматы қаласындағы №2 жылу электр орталығын газға ауыстыру қаланың экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған жол картасында нақтыланған. Жылу электр орталығын газға ауыстырудан бөлек, басқа да іс-шаралар қамтылған. Бұл жерде жасыл желектерді көбейту, газдандырылмаған аудандарды газдандыру сияқты әртүрлі шаралар қарастырылған.

Келесі жылдан бастап зиянды қалдықты шамадан тыс шығаратын көліктерді камера арқылы бақылау жоспарланып отыр. Бұл тек ескі көліктер назарға ілігеді деген сөз емес. Мамандар, пилоттық жоба аясында темір тұлпардың түріне немесе шығарылған жылына қарап емес, нақты улы зат бөлетініне қараймыз,- дейді. Өйткені, жылына 189 мың тонна зиянды қалдықтың 80 пайызы дәл осы жеңіл көліктерден бөлінеді екен. Айтпақшы, қалада әлі көгілдір отынға қосылмаған 4 мыңға жуық үйді де тездетіп газға қосу көзделіп отыр.

Бөлісу