Ауыл шаруашылығының дамуына үлес қосқан еңбек адамдары марапатталды
Иә, ата кәсіпті абыроймен атқарып жүрген жандардың еңбегі еленіп, олар Ақорда төрінде құрметке бөленді. Президент ауыл шаруашылығының көшін өрге сүйреген 19 адамға мемлекеттік наградаларды табыстады.
Ауылдағы күйбең тіршілігін тастап, Ақордаға асығып жеткеннің бірі Рүстем Ахметжанов. Ол он жылдық еңбегінің еленгеніне дән риза. Бүгін мемлекет басшысының қолынан үшінші дәрежелі «Еңбек даңқы» орденін алды.
Рүстем Ахметжанов, «Қапшағай МТС сервис» ЖШС-нің жұмысшысы:
Медальдың берілгені сол еңбектің еленгені деп ойлаймын. 10 жылдан бері сол малдың артында жүрміз. Малдың жағдайын жасаймыз, малымызды жаямыз. Жем-шөбін табамыз. Осы агрофорумның арқасында ауылдың дамуына үлкен үдеріс береді деп ойлаймын.
Еңбектің ебін тапқан Жетісулық Жұмаш Тезекбаевтың да жанарында нұр ойнап тұр. Ол 35 жыл бойы егін егіп, шалғысынан шыққан өніммен тұтас өңірді қамтып отыр. Бүгінде бейнетінің зейнетін көріп жүрген ел ағасына «Қазақстанның аграрлық саласының еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілді.
Жұмаш Тезекбаев, «Егемендік» шаруа қожалығының жетекшісі:
Осындай міне Астананы келіп көргеніме көзіңе жас алғың келеді. Сондай... Жаңа айтқан сайын көңілім босап отырды. Толқып отырдым. Барлық жағдайды жасап жатыр ғой. Президентімізге рахмет.
Қуаныш Есжановтың да қуанышында шек жоқ. Табан ет, маңдай терінің арқасында таудай табысқа жеткен азаматтың сүт фермасы бүгінде 600 адамды жұмыспен қамтиды. 60 түрлі сүт өнімін шығарып, отандық өндірістің көшін өрге сүйреп келеді. Оған Президент «Құрмет» орденін табыстады.
Қуаныш Ищанов, «АИС» ЖШС директоры:
Көңіл күйіміз күшті. Президенттің қолынан осындай үлкен марапатты бірінші рет алып жатырмыз. Бұл – бізге үлкен дәреже. Үлкен жауапкершілік. Менің өзімнің жұмысым емес, ол ұжымның жұмысы, еңбегі.
Бүгін жалпы саны 19 адам Президенттің қолынан марапат алды. Ауыл шаруашылығын дамытуға өмірін арнаған жандар да мерекелік жиында төбе көрсетті. Еңбегімен елге танылған азаматтардың арасында Геннадий Зенченко да бар.
Геннадий Зенченко, «Зенченко и компания» серіктестігінің негізін қалаушы:
Бүгінгі форумның біз үшін маңызы ерекше. Ең алдымен, Мемлекет басшысына осындай қолдауы, еңбегіміздің нәтижесін көріп, бағалап отырғаны үшін тағы да зор алғыс айтамын. Біз, шаруалар, Қазақстанның әлемдік аграрлық секторда жетекші елдердің біріне айналуы үшін бар күшімізді саламыз.
Еңбек еленуімен құнды. Ақордадағы бұл жиын шаруалардың мерейін өсіріп қана қоймай, олардың алдағы міндеттерін де айқындап берді. Ол Қазақстанды аграрлы салада алып державаға айналдыру.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы