Басты Жаңалықтар Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің III форумы

Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің III форумы

Шаруаны қолдау бағдарламалары қайта қаралады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке ауыл шаруашылығына арналған жобалардың тиімділігін тексеруді тапсырды. Мемлекет басшысының айтуынша, мемлекеттік көмектің көлемі ғана емес, нақты нәтижесі маңызды. Бүгін Астанада өткен ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің форумында аграрлық салаға қатысты бірқатар жаңа міндет қойылды. Несие беру тәртібін жеңілдету, жасанды интеллектіні енгізу, су үнемдеу және ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту мәселелері көтерілді. Ауыл шаруашылығы саласында қандай өзгерістер болмақ? Шерхан Жамбылұлы тарқатады.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Қырдағы қыстаудан, егінді алқаптан, жалпы ауыл-аймақтан  екі мыңнан астам еңбек адамы бүгін елордаға келді. Қытымыр қыста да, шіліңгір  шілде де қолдары қалт етпейтін диқандар мен шаруалар өткен маусымды қорытындылап, алдағы көктемнің қамын ақылдасып жатыр.

Қарашаның ортасында Президенттің еңбек адамдарымен кездесуі дәстүрге айналып келеді. Үшінші агро форумға келгендердің бірі Мәкіш Әменов. 40 жыл ат үстінен түспеген қарапайым жылқышы. Кеше ғана қырда мал бағып жүрген ол бүгін президент қолынан мемлекеттік марапатқа ие болды. 

Мәкіш Әменов, жылқышы:

83-те мектеп бітірдім, содан бастап жылқы бағып келе жатырмын. Президентіміздің қолынан осындай марапат алу мен үшін үлкен қуанышты жағдай. Ойлаған жоқпын мұндай болады деп.

Қазір жұрт жақсы тұрмыс пен табысты қаладан іздеп, үлкен шаһарларға ағылып жатыр. Ал батыс қазақстандық әріптесіміз, журналист Шарипа Базарбаева көгілдір экранды қырдағы тіршілікке айырбастаған.

Шарипа Базарбаева, журналист:

Қойымыз бар енді. Тап бір мыңғырған малымыз болмаса да, сондай бір деңгейге жету үшін еңбектеніп жатырмыз. Қазір енді Мемлекет басшысының өзі еңбек адамын қолдап, кәсіп бастап, ауыл шаруашылығын жасаймын дегендерге қолдау көрсетіп жатыр. Жоспарда бар, көбейткіміз келеді, дамытқымыз келеді.

Форумға келгендер пікір алмасып, тың тәжірибелерімен бөлісті. Биылдан бері марал баптайтындарға да жағдай жасалып, мал шаруашылығы қатарына енгізілді. Енді олар да арнайы бағдарлама арқылы қолдау ала алады.

Дариға Исабаева, марал шаруашылығының жетекшісі:

Марал шаруашылығына туризмнің үлесі өте үлкен. Туризмнің арқасында марал шаруашылығы өсіп, өркендеп жатыр. Ауыл шаруашылығы министрлігі мал шаруашылығының ішіне маралды кіргізіп, бірнеше программа шығарып жатыр.

Президент ауылды қолдау бағдарламаларын қайта қарауды тапсырды

Президент ауыл шаруашылығы мамандары тұтас мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне мол үлес қосып жатқанын атап өтті. Биыл қуаңшылыққа қарамастан, ел диқандары 24,5 миллион тонна астық жинады. Соңғы жеті жылда азық-түлік өндірісі 28 пайызға өскен. Ауыл шаруашылығына 2 триллион 700 млрд теңге инвестиция тартылып, 1600-ден астам жоба іске қосылды. Аграрлық экспорт екі есе артып, 7 миллиард долларға жуықтады. Алайда Президент ендігі міндет өнім көлемін ғана емес, саланың тиімділігін арттыру екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бізге бағдарламаның саны емес, ауыл шаруашылығының сапалы дамығаны керек. Сондықтан Үкімет ауыл мен аграрлық секторды қолдау үшін дайындалған осындай құжаттарға жан-жақты талдау жүргізуге тиіс. Әр бағдарламаның өз мақсаты мен міндеті болуы қажет. Ең бастысы, бұл жұмыс шаруаларға түсінікті болып, ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартуға ықпал етуі керек.

Президент аграрлық несие шарттарын жеңілдетуді тапсырды

Осылайша ауылға арналған жобалар түгел сараланбақ. Аттары бөлек, бірақ заттары бірдей бағдарламалар көп. Қағаздағы құрғақ статистика емес, нақты атқарылған шаруалар түгенделеді. Бұдан бөлек Президент аграрлық несие шарттарын жеңілдетуді тапсырды. Қазір қарызды өтеу мерзімі егіншілік маусымына сай келмегендіктен, кей шаруалар астығын орақтан кейін арзанға сатуға мәжбүр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Сонымен қатар қаржыландыруға өтінім беруден бастап оны алуға дейінгі әуре-сарсаңды азайтып, рәсімдерді барынша оңтайландыру қажет. Бұл бұрыннан келе жатқан мәселе. Проблеманың шешімі оңай көрінгенімен, қайталауға тура келіп тұр. Басқаша айтқанда, шаруалардың кредитті өтеу қабілетін бағалайтын цифрлық модель енгізу керек.

Жасанды интеллект ауыл шаруашылығына кеңінен енгізіледі

Енді шаруалардың несие алуына жасанды интеллект көмектесуі мүмкін. Президент аграрлық салаға цифрлық жүйені кеңінен енгізуді тапсырды. Жаһанда азық-түлік тапшылығы күшейіп, ауа райы құбылып барады. Ал жаңа технология Қазақстанға өнімділікті арттырып, әлемдік азық-түлік нарығындағы орнын нығайтуға мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде отандық шаруалар цифрлық шешімдерді қолдана бастаған.

Қанағат Тәуіртаев, шаруа қожалық жетекшісі:

Қазір IT саласы дамып жатыр ғой. Малды чиптеп, арнайы қарғыбаулар бар. Сол арқылы малды санап, түгендеп, анализін тапсырып жатыр. Бұл өте көп жеңілдік. Қазақстанда ең біріншілердің бірі болып біз дронмен жылқы баққанбыз. Өйткені сауын биені айдап әкелу қиын.Мысалы, бір адам мотоциклмен, атпен қаншама салпаңдап, түгендеп бір күн жүретін болса, мынау бір сағатта түгел диагностика жасап шығады.

Президент мал шаруашылығын дамыту мәселесіне де тоқталды. Кейінгі жылдары асыл тұқымды мал сатып алуға берілетін қолдау артқан.

Талғат Бегімбаев, шаруа қожалық жетекшісі:

Жай қойдың артынан жүрсең де сол еңбек, асыл тұқымды малдың артынан жүрсең де сол еңбек. Бірақ асыл тұқымды малдың берер кірісі көп. Шаруалар аталық басты алуға жақсылап қаржыны бөлу керек, үкімет соған кішкене жағдай жасау керек. Бірақ жасап, жатыр, субсидиясын беріп жатыр. Тек қана еңбек, еңбек, тағы да еңбек.

Отандық азық-түлік өндірушілерге қолдау артады

Ветеринариялық бақылауды күшейтіп, ет экспортына кедергі келтіретін тосқауылдарды жою да өзекті міндет.

Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

Біз 193 мемлекет Ящурдан еркін мәртебе алуға Францияда екі жыл бойы жұмыс жүргізілді. Сондықтан сол статусты алдық. Жаңа нарықтар ашылып жатыр. Қазір міне Еуропа, Түркия, Еуропа, Орталық Азия өзіміздің еттерді алып кетіп жатыр. Сұраныс көп, нарықты ашық ұстау керек.

2027 жыл адамзат тарихтағы ең ыстық жыл болуы мүмкін. Мемлекет басшысы климаттың өзгеруіне байланысты қуаңшылық қаупін де ескертіп, азық-түлік қауіпсіздігіне баса мән беруді тапсырды. Осы ретте егін шаруашылығының өнімділігін арттыру керектігі айтылды. Ол үшін сапалы тұқым, тыңайтқыш және су үнемдеу технологияларын кеңінен қолдану қажет. Президент ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамытуға баса мән берді. Соңғы үш жылда елімізде азық-түлік өндірісі 15 пайызға жуық өскен.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Тағам өнеркәсібі саласындағы жобаларды жедел саралап, жүзеге асыру керек. Бұл жобалар азық-түлікпен қамтамасыз ету ісінде импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді. Үкімет әкімдіктермен бірлесіп, осы салаға қолдау көрсетудің бірыңғай тәртібін әзірлеуге тиіс. Сонымен бірге оның нақты жолдарын, қаржыландыру көздерін анықтап, мерзімдерін бекіту маңызды. Бірақ бұл істе қағазбастылық әлі бар, оны мойындауымыз керек.

Президент: Ешкім де заңнан биік емес

Халықтық құрылыс бағдарламасы аясында ауыл инфрақұрылымы да жаңартылады. Жолдар мен әлеуметтік нысандар салынып, инженерлік желілер жетілдіріледі. Бірақ бөлінген қаржының қалай игерілгені және құрылыстың сапасы қатаң бақылануға тиіс. Президент бұл бағыттағы жұмысты арнайы комиссия қадағалайтынын мәлімдеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қайталап айтамын: ешкім де заңнан биік емес.Бұл талап, әсіресе, «Халықтық құрылыс» бағдарламасын жүзеге асыру кезінде қатаң сақталуы қажет. Осы мәселемен айналысатын арнайы комиссия өз жұмысын бастайды.Мына нәрсені әрдайым қаперде ұстаған жөн. Кім қылмыс жасайды, сол міндетті түрде жазасын алады. Кім өз жұмысына салғырт қарайды, сол орнынан босатылады.

Президент ел қаржысын жымқырғандарға ешқандай кешірім болмайтынын ескертті. Жоғары лауазым мен бұрынғы жетістік заң алдындағы жауапкершіліктен босатпайды. Мемлекет басшысы әр азаматтың еңбегі нақты нәтижесімен бағалануы тиіс екенін айтты. Ал елге адал қызмет еткендер қашанда құрметке лайық. Жиын соңында ауыл шаруашылығының дамуына үлес қосқан бір топ еңбек адамы мемлекеттік марапатқа ие болды.

Бөлісу