Басты Жаңалықтар Қазақстан Орталық Азияның академиялық хабына айналуы тиіс

Қазақстан Орталық Азияның академиялық хабына айналуы тиіс

Қазақстан – Орталық Азияның академиялық хабына айналуы керек. Мемлекет басшысы кеше 3-ші стратегиялық серіктестер форумында осындай міндет қойды. Бұл ретте елімізде білім беру жүйесін жаңғыртуға, университеттердің ғылыми әлеуетін арттыруға және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға басымдық беріліп отыр. Осы арқылы озық технологияларды меңгерген, жаһандық еңбек нарығында бәсекеге қабілетті мамандар даярлау көзделген.

Биыл Қазақстанда білім алып жүрген шетелдік студенттердің саны 41 мыңға жетті. Ал 2029 жылға қарай бұл көрсеткішті 100 мыңға дейін арттыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар шетелдік университеттермен бірлескен зертханалар ашып, ауқымды технологиялық жобаларды жүзеге асыруға басымдық берілмек. Өңірлерде де ірі білім және ғылым орталықтары қалыптастырылмақ. Осы мақсатта Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетіне ұлттық мәртебе беру туралы шешім қабылданды.

Мұхтар Төлеген, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің басқарма төрағасы, ректоры:

Бюджеттік қаржыландыру өседі. Коэффициент 1.75-ке көтеріледі. Яғни бұл дегеніміз студенттер бізді таңдаған кезде келесі жылы әрбір грантқа берілетін баға өседі. Тиісінше 2027 жылдың қыркүйегінен бастап жалақы көтеріледі.

Отандық университеттердің ғылыми әлеуетін арттырумен қатар, білім беру жүйесіне озық технологиялар да қарқынды енгізіліп жатыр. Мәселен, биыл қазан айында Астанада жасанды интеллектіні зерттеуге мамандандырылған еліміздегі алғашқы университет ресми түрде ашылды.

Айдын Сәбитов, Qazaq AI research University ректорының кеңесшісі:

Негізгі бағдарламалар бізде ол бірінші кезекте ол жасанды интеллект, AI, Physical AI яғни, физикалық жасанды интеллект дамтыу, одан кейін Machine Learning бағытында білім береміз. Білім беру ұзақтығы – 3 жыл.

Бұл университетте 500-ден астам студент білім алады. Жастар алғашқы курстан-ақ технологиялық өнім әзірлеуге машықтанады. Оқу бағдарламасы жасанды интеллектіні өнеркәсіп, медицина, энергетика және қаржы салаларында тиімді қолдана алатын кадрлар даярлауға бағытталған.

Мұстафа Қасым, студент:

Қазіргі таңда мен осы университетте оқып, «Сарқыт» жобасын жасап жатырмын. Бұл жобамен қазан басында мен Сан Францискоға барып өз жобамды инвесторлардың алдында көрсетіп, таныстырдым. Бұл жоба қазір 60 процентке дайын. Бұл жобаның басты мақсаты – кешке артық қалған тағамдарды жеңілдікпен сату, бұл ысыраптан сақтайды және де жақсы тамақты қолжетімді бағамен ала алады адамдар.

Айта кетейік, елімізде халықаралық білім беру бағдарламаларының аясы да кеңейіп келеді. Қазақстанда 11 мемлекеттің жетекші университеттерінің 33 филиалы жұмыс істейді. Онда 144 білім беру бағдарламасы бойынша 12 мыңнан астам студент білім алып жатыр.

Бөлісу