Астанада баспана мәселесі бойынша кеңес берілді
Астана қаласында 69 мыңға жуық адам баспана кезегінде тұр. Оның ішінде әлеуметтік осал топқа жататын азаматтар да бар. Бүгін қалалық Тұрғын үй инспекциясында қызмет алушылар күні өтті. Мамандар тұрғындарды толғандырған сұрақтарға жауап беріп, консультациялық көмек көрсетті.
Қазтай Шынтемірұлы – Ауған соғысының ардагері. Бас қалада біраз жылдан бері жұмыс істейді. Тапқан табысы тіршіліктен артылмай, баспанасыз жүрген. Бүгін мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтер кілті берілді.
Қазтай Шынтемірұлы, Ауған соғысының ардагері:
Үйде өшіретте 2011-ден бастап тұрғанмын. 15 жылдан бері тұрып, міне, бүгін кілт алып, қуанып жатырмын. Осындағы мамандарға алғыс айтамын.
Азаматтарды баспанамен қамту тек заңда көзделген тәртіп арқылы жүзеге асады. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бастамасымен ашық диалог алаңы болды. Баспана саласына қатысты уәкілетті органдар бір орталықтан көпшіліктің көкейіндегі сұрақтарға жауап берді.
Асланбек Асылбек, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Астана қаласы бойынша департаментінің бас маманы:
Осында келген кез келген азамат өзінің толық жауаптарын ала алады. Бұл іс-шара агенттік тапсырмасы бойынша тоқсанына бір рет өтеді.
Гүлзат Амангелдинова, Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының сарапшысы:
Соңғы 2 жылда 2837 үй жекешелендіріліп отыр. Солардың қатарында Ауған соғысының ардагерлері, көпбалалы отбасылар, мүгедектігі бар баланы асыраушылар және де 1-ші және 2-ші мүгедектігі бар азаматтар тұрғын үйді жекешелендіріп отыр.
Айта кетейік, жыл басынан бері орталықтан 30 мыңдай адам кеңес алған. Тұрғындар сөзінше, бұл шара баспана алу мен оны жекешелендіру тәртібін түсінуге мүмкіндік берді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы