Басты Жаңалықтар ₸716 миллионды алдап алған алаяқ ұсталды

₸716 миллионды алдап алған алаяқ ұсталды

Жамбыл облысында 716 миллион теңгеге жуық қаржыны алаяқтық жолмен қолма-қол ақшаға айналдырған әйел ұсталды. 44 жастағы күдікті қыруар қаржыны алу үшін алдымен танысын жеке кәсіпкер ретінде тіркейді. Сөйтіп банк қосымшасы арқылы 715 млн 900 мың теңгесін оңды-солды аударумен айналысады. Ары қарай қаржыны қағаз ақшаға айналдырып, ізім-ғайым жоқ болады. Күдікті Шымкент қаласындағы 71 жастағы зейнеткерді де тақырға отырғызған. «Бизнеске инвестиция салу арқылы мол табыс табасың» деп 8 миллион теңге алған. Тағы бір танысына несие рәсімдетіп, салоннан су жаңа көлік мініп кеткен екен.  

Гүлсара Мұхтарқұлова, облыстық ПД ресми өкілі:

Аса ірі мөлшердегі алаяқтық дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Тергеу барысында күдіктінің бірнеше азаматтың ақшасын иемденгені анықталды. Күдікті ұсталып, қамаққа алынды. Қазір уақытта қылмыстық істерге қатысты өзге де жәбірленушілерді анықтау бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.

Бөлісу