Басты Жаңалықтар Қазақстандық музыканттар Бельгияда концерт берді

Қазақстандық музыканттар Бельгияда концерт берді

Қазақ музыканттары Еуропа жұртын тамсантты. «Shanyrag Fest»мәдени бастамасы аясында «Астана опера» және «Шымкент концерт» әртістері Брюссель, Монс қалаларында өнер көрсетті. Еліміздің Бельгиядағы елшілігі мәдени шараны Тәуелсіздіктің 35 жылдығына орай ұйымдастырды. Мерекелік концертте музыканттар ұлттық ән-жырдан шашу шашып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. 

Шымкент концерт ұйымына қарасты «Қаған»этно-фольклорлық ансамблі талғамы биік көрерменнің көңілін жаулау үшін ерекше бағдарлама әзірлеген. Музыканттар еуропалықтарға алдымен күйдің құдіретін сезіндіріп, сырға толы қазақ фольклорының тұнығына бойлатты.

Астана опера жұлдызы Бибігүл Жанұзақ қазақтың ұлттық әндерін, әлемдік опера жауһарларын құйқылжыта орындап, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Жаһандық деңгейдегі шығармаларды қазақ музыканттарының ұлттық аспаптармен шебер орындауы еуропалықтардың таңдайын қақтырды. Шеттегі қандастарымыздың жүрегін елжіретті.

Шахида Камалова, Монс қаласының тұрғыны:

Бүгінгі концертке келіп, көңіл- күйімізді көтеріп, Қазақстанға, елімізге барып келгендей болдық. Енді сендер жиі-жиі келіп тұрыңдар. Көз жасымызды сығып алдық.

Ромен Сюми, Брюссель қаласының тұрғыны:

Мен Қазақстанды қатты жақсы көремін. Бұл концерт маған елдеріңізде өткізген төрт айымды еске түсірді. Маған Қазақстанның табиғаты, ұлттық тағамдары, қазақ тілі қатты ұнайды. Мына шапанды Шымкентте сатып алғам, мақтанышпен киіп жүрмін. Осындай әсерлі кеш үшін көп рақмет.

Бөлісу