Басты Жаңалықтар Президент: Стратегиялық мақсатымыз – Қазақстанды Орталық Азияның академиялық хабына айналдыру

Президент: Стратегиялық мақсатымыз – Қазақстанды Орталық Азияның академиялық хабына айналдыру

Шымкенттегі Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне ұлттық мәртебе беріледі. Бұл шешімді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өткен Стратегиялық серіктестер форумында жариялады. Ал Алматыда Біріккен Ұлттар Ұйымы Университетінің өңірлік зерттеу орталығы ашылмақ. Жалпы, 2029 жылға қарай Қазақстан шетелдік студенттер санын 100 мыңға жеткізуді көздейді. Бұл өзгерістер өңірдегі талапкерлерге қандай мүмкіндік береді? Тілшіміз Шерхан Жамбылұлы тарқатады.

Жаһан жасанды интеллект заманына нық қадам басқан уақытта ғылым мен білімнің бәсі бұрынғыдан да еселене түспек. Сол себепті Қазақстан жоғары оқу орындарын стратегиялық серіктестер деп есептейді. Бүгін Астанадағы халықаралық форумға жалпы саны 400-ден астам маман, олардың ішінде әлемнің жетекші университеттерінің ректорлары, ғалымдар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері жиналды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Жер жүзінің ең зияткер тұлғаларын ортақ мүддеге жұмылдырған бұл алқалы жиын еліміз үшін тарихи сәтте өтіп жатыр.

Президент сөз басын еліміздегі ауқымды реформалардан бастады. Жеті жылда ел экономикасы екі есе өсіп, биыл жалпы ішкі өнім 400 млрд долларға жақындамақ. Сыртқы сауда көлемі 150 миллиард долларға жуықтады. Алтын-валюта резерві мен Ұлттық қор активтерінің көлемі 44 пайызға ұлғайып, 129 миллиард доллардан асты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында 7 миллионнан астам баланың жеке есепшотына 2,5 миллиард доллар аударылды. Бұл қазіргі буын өкілдерінің өскелең ұрпақтың қауіпсіз болашағына қосып жатқан баға жетпес үлесі десек, шындық боларына күмән жоқ.

Жаңа Конституцияда білім, ғылым және инновация ел дамуының стратегиялық бағыты ретінде бекітілді. Қазір еліміздегі 132 жоғары оқу орнында 800 мыңнан астам студент білім алады. Жеті жылда гранттарға бөлінген қаржы екі еселеніп, 3,4 миллиард долларға жетті. 281 жатақхана салынды. Ғылымды қаржыландыру көлемі 590 миллион долларға жетті. Шетелден білім іздеп келетін жастар да көбейіп жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Былтыр елімізде басқа мемлекеттерден келген 31 мың студент оқып жатқанын айтқан едім. Қазір олардың саны 41 мыңға жетті. Соның ішінде 8 мыңнан астам студент Қазақстанның қаржылай қолдауымен білім алуда. Бұл – Тәуелсіздік жылдарындағы ең жоғары көрсеткіш. 2029 жылға қарай 100 мың шетелдік студентті тарту ойымызда бар. «Қазақстанда білім ал!» деген ұлттық бастамамыз осы міндетті іске асыруда маңызды рөл атқарады деп сенемін.

Президент «Заң мен тәртіп» қағидаты ел саясатының өзегі екенін еске салды. Жемқорларға ешқандай аяушылық немесе рақымшылық болмайтынын қадап айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Жемқорлық – кез келген мемлекет үшін үлкен зауал. Өйткені халықтың сеніміне селкеу түсіреді, ел дамуына кедергі келтіреді және жүргізіліп жатқан реформалардың нәтижесін жоққа шығарады. Сондықтан менің ұстанымым өзгермейді: кінәлілердің ешқайсысы заң жүзіндегі жауапкершіліктен сытылып кете алмайды.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Бұрын қазақстандық жастар әлемнің беделді университеттерінде білім алу үшін шетел асатын. Қазір сол университеттердің өзі Қазақстанға келіп жатыр. Соңғы жылдары елімізде әлемнің 11 елінің жетекші оқу орындарының 33 филиалы ашылған. Ендігі міндет – олардың санын көбейту ғана емес, білім сапасын арттырып, халықаралық тәжірибені отандық ғылым мен өндіріске енгізу.

Шетелдік университеттердің филиалдарында 12 мыңнан астам студент оқиды. Мұнда 1500-ге жуық оқытушы, оның ішінде 600-ден астам шетелдік профессор жұмыс істейді. Үздік оқу орындарының басым бөлігі өңірлерде орналасқан.

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

Совет кезінен солай қалыптасып қалған: ең мықты университеттер, ең мықты зерттеу орталықтары Алматыда орналасқан. Өңірлерден, біріншіден, жастар кетіп қалады. Бұл филиалдар ішкі көші-қон мәселесін де шешеді. Мысалы, Петропавлда төртінші жыл серіктестік жалғасып келеді. Петропавлда қазір алғаш рет 20 өңірден және 16 мемлекеттен 1,5 мың бала оқып жатыр. Болмаған нәрсе.

Қазақстандық университеттердің халықаралық рейтингтегі орны да жақсарып келеді. Жаһандық инновация индексінде еліміз сегіз саты көтеріліп, 73-орынға тұрақтады. Дегенмен Президент басты өлшем рейтинг емес, білім мен ғылымның сапасы екенін ескертті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біздің стратегиялық мақсатымыз – елімізді Орталық Азиядағы академиялық хабқа айналдыру, жаһандық білім нарығының, әсіресе, өзекті әрі сапалы білім нарығының бір бөлігі болу.

Арман Жұмажанов, SDU University ректоры:

Осы форум аясында біз елімізге, университетімізге 4 университет әкеліп жатырмыз. Ол бізге не әкеледі? Ең бастысы – академиялық мобильділікті дамытады, келешекте ғылымымызды, инновациямызды дамытуға үлкен ықпал етеді.

Иә, білімнің болашақтағы дамуы жасанды интеллектпен тығыз байланысты болмақ. Президент Қазақстан барлық салаға жаңа технологияларды енгізіп жатқанын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Зерттеуші ғалымдарымыз KazLLM және AlemLLM деп аталатын ұлттық тіл модельдерінің басты элементтерін жасап шығарды. Биыл қазан айында Qazaq AI Research University жұмысын бастады. Бұл – еліміздегі жасанды интеллект зерттеулеріне маманданған алғашқы білім ордасы.

М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне ұлттық мәртебе берілді

Форумда Шымкент жұртшылығы үшін де маңызды жаңалық жарияланды. Президент Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне ұлттық мәртебе беру туралы шешім қабылдады. Осылайша еліміздегі ұлттық жоғары оқу орындарының саны 14-ке жетпек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мен халқымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне ұлттық мәртебе беру туралы шешім қабылдадым. Әуезов университеті – аймақтағы ең ірі жоғары оқу орны. Шаһардағы әрбір бесінші студент осы университетте оқиды. Ұлттық мәртебе білім ордасымен қатар, құзырлы министрлікке де зор жауапкершілік жүктейді.

Шымкенттің алдына үлкен міндет қойылып отыр. Шырайлы шаһар ірі ғылым және білім орталығына айналуы тиіс. Қазір қалада АҚШ-тың Аризона штаты университетінің білім беру бағдарламасы жүзеге асырылып, Түркияның Гази университетінің филиалы ашылған.

Мұхтар Төлеген, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің басқарма төрағасы, ректоры:

Scopus, Web of Science және басқа да базаларда біздің ғалымдардың жарияланымдары өте көп. Оңтүстік өңірдегі ең үлкен жоғары оқу орны. Қазіргі таңда 23 мыңға жуық студент білім алып жатыр. 13 факультетіміз бар. Халықаралық байланысты жоғары деңгейге шығарсақ деп отырмыз.

Алматыда БҰҰ-ның халықаралық зерттеу институты ашылады

Ал Алматыда Біріккен Ұлттар Ұйымы Университетінің халықаралық зерттеу институты ашылмақ. Жаңа орталықта өңірлердің экономикалық, саяси және технологиялық дамуы, климаттың өзгеруі мен су қауіпсіздігі зерттеледі. Бастама қазақстандық ғалымдардың халықаралық ғылыми жобаларға қатысуына жол ашады.

Тшилидзи Марвала, БҰҰ Университетінің ректоры, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары:

Қазақстан – әлемдік саясат пен білім алаңындағы өте маңызды мемлекет. Біз Қазақстандағы білім беру және ғылыми зерттеу жүйесінің даму деңгейіне ерекше тәнті болдық. Жаңа институтты 2027 жылдың басында ашуды жоспарлап отырмыз. Қазақстанға 30-дан астам зерттеуші жібереміз. Олар қазақстандық ғалымдармен бірге жұмыс істеп, жаһандық деңгейдегі маңызды шешімдерге негіз болатын ұсыныстар әзірлейді.

Форумнан кейін Президент шетелдік университеттер мен халықаралық ұйымдардың басшыларымен дөңгелек үстел өткізді. Тараптар бірлескен ғылыми жобаларды кеңейту, жаңа технологияларды игеру және еңбек нарығына қажетті мамандар даярлау мәселелерін талқылады. Мемлекет басшысы Қазақстан әлемнің жетекші ғылыми орталықтарымен ынтымақтастықты арттыруға дайын екенін жеткізді.

Бөлісу