Гази университетінің филиалы биыл алғашқы талапкерлерді қабылдады
Президент бүгінгі басқосуда «Шымкент қаласын оңтүстік аймақтағы ірі ғылым және білім орталығы ретінде дамытуды көздеп отырмыз» деп ерекше атап өтті. Қазірдің өзінде шырайлы оңтүстік шаһарда осы бағытта Түркияның беделді жоғары оқу орнымен бірлескен жоба жүзеге асырылып жатыр.
Биыл Түркияның ғасырлық тарихы бар Гази университетінің еліміздегі филиалы алғашқы талапкерлерін қабылдады. Шымкентте жұмысын бастаған шетелдік жоғары оқу орнының академиялық серіктес ретінде Қазақстанды таңдауы кездейсоқ емес. Өйткені екі елді ортақ тарих пен мәдениет терең байланыстырады. Белгілі түрік тарихшысы, профессор, ғалым, Гази университетінің ректоры Угур Үнал бұл әріптестіктің маңызына тоқталды.
Угур Үнал, Гази университетінің ректоры:
Түркияның барлық архивтік құжаттарына көз жүгіртсек, ең алдымен баруымыз керек елдердің бірі – Қазақстан екенін сенімді түрде айта аламын. Біз тарихи тамырымызды тоғыстырып, мәдениетімізді жақындастырып отырмыз. Бұл – тарихи сабақтастықтың талабы. Түркияның тамыры терең білім беру жүйесіндегі жаңашылдықтарды қазақстандық студенттерге жеткіземіз. Біз бір ғана саламен шектеліп қалмаймыз. Стратегиялық тұрғыдан екі университет арасында түрлі ауқымды жобаларды жоспарлап отырмыз. Оларды кезең-кезеңімен жүзеге асырамыз. Бірлескен ғылыми зерттеулер мен ортақ жобалар қолға алынады.
Жасанды интеллект институтында 360 студент білім алып жүр
Ал Қызылордада 2025 жылдан бері Оңтүстік Кореяның Сеул ұлттық ғылым және технологиялар университетінің филиалы жұмыс істейді. Бүгінде Қорқыт ата университетінің оқу базасында IT саласы бойынша мамандар даярланып жатыр. Екі оқу орнының әріптестігі негізінде Сыр өңірінде Жасанды интеллект институты құрылды. Онда қазір 360 студент білім алып жатыр. Соның 60-ы қос диплом бағдарламасы аясында алғашқы екі жылын Қызылордада, соңғы екі жылын Сеулде оқиды. Осыған байланысты жергілікті университет білім беру бағдарламасына шетелдің озық тәжірибесін енгізді. Алғашқы студенттер келер жылы Оңтүстік Кореяда білімін жетілдіреді.
Әлихан Сарыбаев, студент:
Сеулде оқуға қазір бізде дайындық жүріп жатыр. Ол үшін бізге арнайы Кореядан кәріс тілін үйрететін мұғалім шақырған. Ол бізге күн сайын тіл үйретеді. Менің ойымша, бұл – студенттер үшін баға жетпес тәжірибе.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы