Шетелдік басылым Қазақстанның «Халықтық құрылыс» бастамасына назар аударды
Еуропалық EUReporter басылымы Қазақстандағы «Халықтық құрылыс» жобасы туралы көлемді мақала жариялады. Онда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың келесі жылды «Халықтық құрылыс жылы» деп жариялауды ұсынғаны және Ұлттық қордан инфрақұрылымды дамытуға 6,5 трлн теңге бағытталатыны жазылған. Мақаламен танысқан әріптесім Мәдина Нағашыбай толығырақ баяндайды.
Мәдина, шетелдік басылым елдегі қарқынды құрылыс экономикаға қалай әсер етеді деп болжап отыр?
Мәдина Нағашыбай, тілші:
Иә, еуропалық басылым бұл жобаны ел болашағына бағытталған инвестиция деп бағалаған. Мақалада алдымен елдегі әлеуметтік инфрақұрылымның жай-күйіне тоқталып, бастаманың мән-маңызы түсіндіріледі. Қазақстанда өңірлер қарқынды дамып жатыр. Сондықтан балабақша, мектеп, аурухана сынды әлеуметтік нысандарға деген қажеттілік те артып келеді.
Осыған орай үш жылдық бағдарлама аясында білім беру, денсаулық сақтау және спорт нысандарын салу, жолдар мен инженерлік желілерді ауқымды түрде жаңарту көзделіп отыр. Қазірдің өзінде жалпы құны 3 миллиард доллардан асатын алғашқы жобалар мақұлданған.
Қазақстан соңғы жеті жылда әлеуметтік саланы дамытуға 198 миллиард долларға жуық қаражат бөлген. Оның 75 миллиарды білім беруге, 35 миллиарды денсаулық сақтауға бағытталған. Басылым осы деректерді келтіре отырып, аталған бастаманы қала мен ауыл арасындағы тұрмыс сапасының алшақтығын азайтуға бағытталған маңызды қадам деп бағалаған. Альбина...
Мәдина, еуропалық басылым тағы қандай деректер келтірген? Жалпы, Ұлттық қордан әлеуметтік салаға қаржы бағыттау тәжірибесі өзге елдерде де кездесе ме?
Мәдина Нағашыбай, тілші:
Иә, мұндай тәжірибе бар. Мақала авторы Индонезия мен Норвегияны мысалға келтірген. Мәселен, Индонезия өткен ғасырдың 70-жылдарында мұнайдан түскен табыс есебінен алты жыл ішінде 61 мыңнан астам бастауыш мектеп салған. Кейінгі зерттеулер бұл қадамның халықтың білім деңгейін көтеріп, табысын арттыруға ықпал еткенін көрсетті.
Ал Норвегия Ұлттық қорындағы қаражаттың бір бөлігін жыл сайын қоғамдық қызметтерді қаржыландыруға жұмсайды. Басылым Қазақстанның да ұлттық байлықты халық игілігіне жарату жолын таңдағанын атап өткен.
Сонымен қатар еліміздің Адами даму индексі бойынша әлемдегі 193 елдің ішінде 60-орынға көтеріліп, Орталық Азияда көш бастап тұрғанына тоқталған.
Мақаладан үзінді келтірейін:
«Түптеп келгенде, ұлттық қорлар халық үшін құрылады. Шикізат экспорттаушы елдер энергетикалық өтпелі кезеңге дайындалып жатқан тұста, «Халықтық құрылыс» бастамасы сарқылатын табиғи ресурстардан түскен байлықты қоғам мүддесіне жұмсауға бағытталған», – деп түйіндейді EUReporter.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы