Басты Жаңалықтар Ақтөбеде өндіріске цифрлық жүйелер енгізіліп жатыр

Ақтөбеде өндіріске цифрлық жүйелер енгізіліп жатыр

Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында Ақтөбе облысындағы хром кенін өндіретін «Болашақ» шахтасына заманауи цифрлық жүйелер енгізіліп жатыр. Өңірге жұмыс сапарымен барған Премьер-министр Олжас Бектенов өндіріс орнындағы қауіпсіздік шараларын тексерді. Сондай-ақ «Ақтөбе Мыс компаниясы» мен облыстағы өзге де ірі кәсіпорындардың жұмысымен танысты.

«Қазхром» трансұлттық компаниясы өңірде ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асырып жатыр. Оның бірі – ферроқорытпа газдары пайдаланылатын, қуаттылығы 80 мегаваттық электр станциясы. Инвестиция көлемі 50 млрд теңгеден асады. Компанияның тағы бір ірі жобасы – «Болашақ» шахтасы. Мұнда қол еңбегінің үлесін азайтып, еңбек өнімділігін арттыруға мүмкіндік беретін заманауи жүйелер қолданылады.

Ержан Абдулабеков, «Қазхром» ТҰК» АҚ бас директоры:

Инвестиция көлемі 1 трлн теңгеден асады. Бүгінде бұл – дүниежүзіндегі, оның ішінде Қазақстандағы ең терең шахталардың бірі. Тереңдігі 1,2 шақырымнан асады. Мұнда келешекте 6 млн тоннаға жуық хром кені өндіріледі.

Премьер-министр мұнай жабдықтарын шығаратын зауытқа да арнайы барды. Кәсіпорын еліміздің мұнай-газ саласына қажетті құбырлар мен өзге де жабдықтарды шығарады.

Өңірдегі маңызды жобалардың бірі – қой жүнін өңдеп, құрылыс материалдарын өндіретін кәсіпорын. Зауыт директорының айтуынша, елімізде табиғи шикізаттан дайындалатын бұл материалдарға арналған арнайы стандарт жоқ. Сондықтан өнімді өткізуде қиындықтар туындаған. Үкімет басшысы бұл мәселені шешуге уәде берді.

Ерлан Жаңабергенов, серіктестік директоры:

Жүнді шаруа қожалықтарынан қабылдап жатырмыз. Қазіргі кезде Атырау, Орал және Ақтөбе облыстарындағы шаруашылықтар жүн әкеліп тапсырып жатыр.

Үкімет басшысы ұзындығы 262 шақырым болатын «Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын» автожолының құрылысымен де танысты. Бұл жоба жүк және жолаушы тасымалына кететін уақытты қысқартып, өңірдің транзиттік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

Премьер-министр құрылысты белгіленген мерзімде аяқтауды және бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қатаң бақылауды тапсырды.

Бөлісу