Биыл 69 спорт нысаны пайдалануға берілді
Биыл елімізде 69 спорт нысаны пайдалануға берілді. Олардың 51-і ауылдық жерлерде орналасқан. Маңызды жобалардың қатарында Қызылорда қаласындағы 11 мың көрерменге арналған жаңа стадион және Астанадағы 3 600 орындық жабық футбол стадионы бар. Жыл соңына дейін тағы 52 нысанның құрылысын аяқтау жоспарда тұр. Бұл жөнінде туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлім етті. Министрдің айтуынша, Ақтөбе, Атырау, Ақтау, Семей, Алматы, Қарағанды және Көкшетау қалаларында жаңа стадиондардың құрылысы жүріп жатыр. «Халықтық құрылыс» аясында бұл жұмыстардың жандана түсетін жеткізді. Сондай-ақ министр туризм саласына бағытталған мемлекеттік қолдаудың жеті тетігіне тоқталды.
Ербол Мырзабосынов, Туризм және спорт министрі:
Туризм саласында 7 қолдау тетігі бар. Жол мәселелері, жол бойындағы сервис, туризм нысандары, туризм бағытындағы көліктерге, тау кластерінің жабдықталуына мемлекет толық көлемде субсидия жасайды.
Қазақстанда туризм саласы қарқынды дамып келеді. 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында қонақүйлер мен демалыс орындары 5 миллионға жуық адамға қызмет көрсеткен. Шетелдік туристердің елде жұмсаған қаржысы 1,4 миллиард долларға жетіп, саладан бюджетке 303 миллиард теңге салық түскен. Ал тоғыз айда туризм инфрақұрылымына салынған инвестиция 68 пайызға өсіп, 1 триллион 319 миллиард теңгеге жетті.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы