Алматыда құтқарушылар туралы фильм көрсетілді
Тілсіз жаумен күресіп, адам өміріне араша түсетін құтқарушылардың ерен еңбегі көгілдір экран арқылы көпшілікке таныстырылды.
Алматыда «Соңыра» көркем фильмінің премьерасы өтті. Туынды өрт сөндірушілердің кәсіби міндеті мен бастан өткеретін қиындықтары туралы. Көрермен кинодан құтқарушылардың жұмысы қаншалықты жауапты әрі қауіпті екенін аңғарды. Олардың айтуынша, мұндай фильмдер қоғамға ой салып, көп жағдайда елеусіз қалып жататын мамандардың еңбегін бағалауға үндейді.
Гүлшат Дәуренбекова, қалалық ТЖД ардагерлер ұйымының төрағасы:
Бір тәрбие жөнінде түсіріп жатқан фильм сияқты. Келесі ұрпақ білуі керек: өрт сөндірушілердің әрбір күнделікті жұмысқа шыққанының өзі ерлікпен пара-пар. Жан кешті кәсіп деп айтсақ болады. Бұл – соны жастарға дәріптеу.
Фильмнің сценариін жазуға төрт ай уақыт кеткен. Бір ай дайындық жүргізіліп, түсірілімге тағы бір ай жұмсалды. Кинотуынды Өскемен қаласында түсірілген. Түсірілім тобы 50-ге жуық адамнан жасақталған. Кейбір көріністерге кәсіби құтқарушылардың өздері де қатысты. Режиссер фильмге дайындық кезінде өрт сөндірушілердің жұмысымен танысып, олардың қызметін зерттеген. Осылайша, туындыда мамандықтың қыр-сырын шынайы жеткізуге басымдық беріліпті.
Дархан Карипов, фильм режиссері:
Бұл шынайы өмірден алынған оқиғалар деп айтсақ болады. Себебі әр кейіпкердің өзінің шындығы өмірде болып жатқан, ешқандай ойлап табылмаған. Өмірдің айнасы. Бұл фильм «құтқарушыларға да көмек керек» дейтін оймен жасалған болатын. Бір отбасыны тартып жүрген адамның ерлігі.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы