Жамбыл облысында 13 спорт кешені салынып жатыр
Жамбылда биыл 13 спорт кешені салынып жатыр. Оның 9-ы жыл соңына дейін ел игілігіне беріледі. Бұл бағытта ауыл спортын дамытуға ден қойылғандықтан, ғимарттардың басым бөлігі аудандарда. Сондай-ақ Президент Жолдауда атап өткен тең құқылы қоғамды қалыптастыру мақсатында аймақта алғаш рет инклюзивті спорт кешені бой көтере бастады.
Данияр Әлімқұл, тілші:
Елімізде соңғы 7 жылда 536 спорт нысаны салынды. Соның бірі Құмшағал алқабындағы мына еңселі екі қабатты, 1 200 шаршы метр кешен. Мұнда спорттың 6 түрінен үйірме бар десек, оған 500-ге жуық бала қатысады.
Тұрғын алаптағы 10-ға жуық елді мекенде 25 мыңнан аса адам тұрады. Бұған дейін балалар баратын нысанның жұрнағы да жоқ еді. Мұқым бала мектепте жаттығуға мәжбүр болды. Екі жыл бұрын Тараз әкімдігі қордаланған мәселеге қозғау салып, 485 миллион теңге бөлді. Сөйтіп соңғы үлгідегі спорт кешені салынды.
Айғаным Асылбек, спортшы:
Бұрынғы мектепте спортпен айналысуға мүмкіндік жоқ еді. Жаттығатын заттар да жоқ болды. Қиын болды. Жарық жоқ. Жердегі матрастар да жоқ болды. Осындай жағдайы жасалған спорт кешенінің арқасында мен үлкен белестер көрсетіп облыс чемпионатында екі рет бірінші орын алдым. Менің мақсатым – үлкен жарыстарға шығып Әлем чемпионатынан, Азия чемпионаттарынан үлкен белестер көрсету.
Мұнда барлық үйірме тегін. Жасы 6 мен 17 жас аралығындағы оқушылар қатысады.
Жиенбай Әбжанов, спорт кешенінің директоры:
Жыл сайынғы балаларға формасын да мемлекет қамтамасыз етіп отыр. Құмшағал алқабының балалары қалаға сандалмайды. Жалпы осы спорт кешеніміз міне су жаңа, сапасы жоғары. Барлық спорт түрінен құрал-жабдықтар қамтылған.
Президент Жолдауда тең құқылы қоғам қалыптастыруды назардан тыс қалдырған емес. Ал облыста 46 мыңнан аса мүмкіндігі шектеулі жан бар. Олардың 4 мың 383-і салауатты өмір салтын ұстанады. Түрлі жастағы 208 спортшы ұлттық құрама сапына алынған. Бірақ олардың ортақ спорт базасы болмағандықтан әр жерде жаттығып жүр. Сондықтан Таразда алғаш рет ауданы 3 600 шаршы метр инклюзивті спорт орталығы салына бастады.
Нұржан Жолдасбеков, дене мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубының басшысы:
Халықаралық деңгейдегі спортшылармен бәсекелестікте болу үшін заманауи спорт кешенінің қажеттілігі туындап отыр. Дене мүмкіндігі шектеулі жандардың ерекшеліктерін ескере отырып, заманауи спорттық құрал-жабдықтарды пайдалана отырып, жаттығатындығына ерекше назар аудару қажет болады.
300 адамға арналған кешен құрылысы келер жылы көктемде аяқталады. Айта кетейік, аймақта биыл басталған 13 спорт кешенінің 9-ы жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Нәтижесінде облыс халқын спорттық инфрақұрылыммен қамту 77%-ға жетпек.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы