Басты Жаңалықтар Жетісулықтар жасанды тоғанды табыс көзіне айналдыра бастаған

Жетісулықтар жасанды тоғанды табыс көзіне айналдыра бастаған

Жетісулық балық өсірушілер кәсіптің көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, өңірдің өзен-көлдерін балықтандыруға атсалысып жатыр. Осылайша аймақта табиғи су айдындарына түсетін салмақты азайту үшін жасанды тоғанда балық өсіру ісі қолға алынуда. Экологиялық жауапкершілік пен отандық өндірісті ұштастырған кәсіпкерлердің тыныс-тіршілігін тілшіміз Думан Алтынбекұлы көріп қайтты.

Думан Алтынбекұлы, тілші:

Бассейндер мен тоғандардағы су маржандары өңірдегі өзен көлдердің – болашақ байлығы. Мамандардың айтуынша, уылдырықтан бастап, шабаққа дейін өсіру аса ұқыптылықты талап етеді. Судың температурасы, оттегінің мөлшері, барлығы-барлығы жіті бақылауда. Ең бастысы – табиғи ортаға тез бейімделіп, одан әрі көбеюі тиіс.

Шаруашылық «Ауыл аманаты» бағдарламасымен былтыр 75 млн теңге жеңілдетілген несие алып, осы кәсіпті бастаған. Биыл өндіріспен қатар, өңірдегі өзендердің балық қорын молайтуға өзіндік үлес қосты.  Қаратал мен Көксу өзеніне 20 мың шабақ жіберілген.   

Еламан Мұратұлы, шаруашылық жетекшісі:

Бес тонна балығымыз бар. Барлығын санаған кезде. Келесі жылы бес тоннамызды Алла қаласа 25 тоннаға жеткіземіз деген ойдамыз.

Әкелі-балалы Сейітхановтар биыл уылдырықтан 550 мыңнан астам хан балығын шығарды. Бұдан бөлек балықтың сазан, дөңмаңдай секілді бірнеше түрін су тоғандарында өсіріп жатыр. Балықтың күтімі мен жеміне кететін шығынды азайту мақсатында өздері жемін де өндіре бастады.    

Мұрат Сейітханов, ихтиолог:

«Ауыл аманаты» арқылы ауыл шаруашылғылығы басқармасы бізді құптап, бізге 34 млн теңге ақша бөліп отыр. Кішігірім жем шығаратын зауытты бастаймыз. Келесі жылы сатылымға өзіміздің Жетісу облысындағы ең алғашқы жемді сатылымға шығарамыз.

Жетісу облысында қазір 25 балық шаруашылығы жұмыс істеп тұр. Олар үшін мемлекет тарапынан арнайы қолдау тетіктері қарастырылған. Жергілікті бюджеттен тауарлы балық шаруашылығын субсидиялауға 40 млн теңге бөлінді. Жалпы, биыл Алакөл мен Балқаштың Жетісу облысына қарасты бөлігінен 11 тонна су маржаны сүзілген. Ал оның орнына 1 жарым миллиондай шабақ жіберілді.

Бөлісу