Басты Жаңалықтар Қазақстан Халық Кеңесінде қандай бастама көтерілді?

Қазақстан Халық Кеңесінде қандай бастама көтерілді?

Қазақстан Халық Кеңесінде қандай бастама көтерілді?

Қазақстан Халық Кеңесінде білім беру жүйесін жетілдіру, ғылымды дамыту және адами капиталды нығайту мәселелері талқыланды. Білім беру және адами капитал мәселелері жөніндегі салалық комиссияның отырысында осы бағыттар бойынша келіп түскен 66 бастама қаралды.

Жиын Қазақстан Халық Кеңесі Қоғамдық бастамаларды дамыту комитетінің төрағасы Вера Кимнің жетекшілігімен өтті. Қатысушылар кәсіптік даярлық, ғылыми қызмет, әлеуметтік қолдау және еңбек нарығына қажетті мамандар даярлау жөніндегі ұсыныстарды талқылады.

Лудоманиямен күрес және SmartCity жобасы

Халық Кеңесінің мүшесі Жандос Ақтаев екі бастама көтерді. Оның бірі – лудомания мәселесін жан-жақты зерттеу. Бұл ойынқұмарлыққа тәуелді адамдардың психологиялық ерекшеліктерін анықтап, тәуелділікпен күресудің тиімді тетіктерін әзірлеуге бағытталған.

Екінші ұсыныс – Ақмола облысында SmartCity пилоттық жобасын іске қосу. Жоба аясында өңірдегі өзекті мәселелердің цифрлық атласын әзірлеу және тұрғындарға қолайлы қалалық орта қалыптастыру көзделген.

Ғылымды қаржыландыру және ғалымдарды қолдау

Думан Орынбеков отандық ғылымды дамытуға бағытталған кешенді шараларды ұсынды. Атап айтқанда, ғылымды қаржыландыру көлемін кезең-кезеңімен арттыру, ғылыми ұйымдарды тұрақты қаржыландыру, зерттеу нәтижелерін бағалау жүйесін жетілдіру және ғалымдардың еңбекақысын көтеру мәселелері көтерілді.

Сондай-ақ халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейту, шетелдегі қазақстандық ғалымдарды елге тарту және ұлттық постдокторантура бағдарламасын іске қосу ұсынылды.

Отбасы мен мектеп арасындағы байланысты нығайту

Мұрат Әбенов білім сапасын арттыруда отбасының рөлін күшейту қажеттігін атап өтті. Ол ата-аналарды қолдау жүйесін дамыту, отбасылық кітап оқу мәдениетін қалыптастыру және цифрлық технологияларды саналы пайдалану жөнінде ұсыныстар айтты.

Бұл бастамаларды әлеуметтік желілермен ықпалдастырылған жаңа «Кеңес ел» диалогтік платформасы арқылы жүзеге асыру жоспарланып отыр. Платформа азаматтарға білім беру және адами капиталды дамыту мәселелері бойынша өз ұсыныстарын жолдауға мүмкіндік береді.

Мектеп психологтарын қолдау және буллингтің алдын алу

Наталья Дементьева білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызметті жетілдіруге арналған жобаларын таныстырды.

Ұсыныстар мектеп психологтарының жұмысын қолдауға, балалардың психикалық денсаулығын қорғауға, буллингтің алдын алуға және дағдарыстық жағдайларды ерте анықтауға бағытталған.

Жобалар одан әрі пысықталады

Отырыста кәсіптік даярлықты жетілдіру, жұмысшы мамандар тапшылығын азайту, жастар мен ересектердің жұмыспен қамтылуын арттыру және білікті кадрлардың өңірлерде тұрақтап қалуына жағдай жасау мәселелеріне де назар аударылды.

Жиын қорытындысы бойынша ұсынылған бастамаларды практикалық маңыздылығы мен іске асыру мүмкіндіктерін ескере отырып, одан әрі пысықтау туралы шешім қабылданды.

Бастамалар жүйеленіп, мүдделі мемлекеттік органдармен және бейінді ұйымдармен бірлесіп қарауға жолданады.

1_oNQeERL.jpeg

2_P9NEWMR.jpeg

WhatsApp_Image_2026-11-16_at_17.56.41.jpeg

4_ltzXGaW.jpeg

Бөлісу