Басты Жаңалықтар Қазақстандықтар несиені не үшін алады?

Қазақстандықтар несиені не үшін алады?

Несие алу – бүгінде көпшілік үшін қалыпты жағдайға айналған. Бірі баспанасын жөндейді, енді бірі тұрмыстық техника немесе көлік алады. Ал қазақстандықтар банктен алған ақшасын көбіне қайда жұмсайды? Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі күтпеген статистиканы жариялады. Әріптесім Нұрсұлтан Нұрсейіт тарқатады.

Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:

Қазақстандықтар несиеге көбіне не сатып алады? Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің дерегіне сүйенсек, биыл берілген кепілсіз тұтынушылық несиелердің басым бөлігі үй жөндеу мен тұрмысты жақсартуға жұмсалған. Нақтырақ айтсақ, құрылыс материалдары мен жиһаз сатып алуға алынған несие үлесі – 32,3 пайыз. Екінші орында – ірі тұрмыстық техника. Оған 12,9 пайыз несие рәсімделген. Киім мен аяқ киімге – 8,7 пайыз. Ал көлікке қажетті тауарларға 6,8, смартфон мен планшетке 6,1 пайыз тиесілі. Бір қызығы, білім алуға несие алғандардың үлесі – 3,8 пайыз болса, саяхатқа – 3,7, медициналық қызметтерге 2,6 пайыз ғана жұмсалған. Жалпы, елдегі тұтынушылық несиелердің 83,8 пайызы кепілсіз берілген. Автонесиенің үлесі – 12,1 пайыз. Яғни, қазақстандықтар несиені көбіне баспана жағдайын жақсарту мен күнделікті тұрмысқа қажетті заттар алуға рәсімдейді. Бір қарағанда, несие – бүгінгі қажеттілікті өтеудің оңай жолы. Алайда оның ертеңгі төлемі бар. Статистика көрсеткендей, қазақстандықтардың басым бөлігі қарызды табыс табуға емес, тұрмысын жақсартуға алады. Демек, несиеге қол жеткізу оңайлағанымен, оны уақытылы өтеу – әр азаматтың жеке жауапкершілігі.

Бөлісу