Басты Жаңалықтар Тәуелсіздіктің 35 жылдығы Брюссельде тойланды

Тәуелсіздіктің 35 жылдығы Брюссельде тойланды

Ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығы Еуропа төрінде тойланды. Ұлық мерекеге орай Бельгиядағы Қазақстан елшілігі салтанатты қабылдауды тұңғыш рет Брюссель әкімдігінің ғимаратында ұйымдастырды. Сан ғасырлық тарихы бар мекенде өткен шараға ЕуроОдақ институттарының, Бельгия үкіметінің өкілдері, шетелдік дипломаттар, сарапшылар мен қазақ диаспорасының мүшелері қатысты. Елші Роман Василенко биылғы жылдың жемісті болғанын атап өтті. Президент Қ. Тоқаевтың маусым айында Брюссельге жасаған сапары және Бельгия Королі Филипп пен Патшайымы Матильданың Қазақстанға тұңғыш мемлекеттік сапары-стратегиялық серіктестер арасындағы қатынасты жаңа деңгейге көтеруге септігін тигізген. Еліміздегі тың өзгерістерді жоғары бағалаған ЕуроОдақ өкілдері біздің елмен аса маңызды шикізат материалдары, жасанды интеллект, Орта дәлізді дамыту бойынша ынтымақты күшейтуге ниетті. Ресми бөлімнен соң кешке жиналғандар Астана опера және «Шымкент концерт» музыканттарының өнерін тамашалады.

Питер Клас, Бельгия Королі Филиптің дипломатиялық кеңесшісі:

Барша Қазақстан халқы мен үкіметін ұлттық мерекелеріңізбен құттықтаймын. Ұлы Мәртебелі Филиптің елдеріңізге, Орталық Азияға жасаған сапары керемет өткенін айтқым келеді. Бұл сапар бізге ерекше әсер қалдырды және елдеріміз арасындағы қарым-қатынастың одан әрі дамуына  деген сенімімізді нығайтты.

Эндрю Дайк, кәсіпкер:

Мәдени шараның арқасында қазақ мәдениетімен етене таныстым. Қазақстанның басқа елдерден таңғажайып ерекшелігі, өзгерістердің ауқымы ғана емес, жылдамдығы тамсантады. Тіпті, көптеген сала бойынша Еуропа елдерінен де мықты дамып жатыр. Бұл шынымен де таңқаларлық.

Бөлісу