Басты Жаңалықтар Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісі 200 млн доллар табыс әкеледі

Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісі 200 млн доллар табыс әкеледі

Бүгінде әлемдік цифрлық трафиктің 90 пайызы суасты теңіз желілері арқылы тасымалданса, енді осы жаһандық деректер ағынының күретамыры Каспий теңізінің түбімен өтпек. Қытай мен Еуропаны жалғайтын Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісі жуырда ғана ресми түрде іске қосылды. Мамандардың болжамына сүйенсек, суасты цифрлық жобасы жылына 200 млн доллар табыс әкеледі. Орталық Азияда теңдесі жоқ бұл жоба елімізге не береді? Раушан Сайлауқызы зерттеп көрді.

Раушан Сайлауқызы, тілші:

Бұған дейін Орта дәліз арқылы жүк, мұнай және өзге де тауарлар тасымалданса, енді суасты жолы арқылы цифрлық деректер жеткізіледі. Ақтау мен Әзербайжанның Сумгайт қаласына дейін тартылған талшықты-оптикалық кабелдің ұзындығы – 380 шақырым. Жобаның өткізу қабілеті секундына 400 терабиттен асады. Бұл бастама Қазақстанның халықаралық цифрлық транзиттегі әлеуетін арттырып, Еуропа мен Азия арасындағы деректер алмасу мүмкіндігін кеңейтеді.

Бауырлас елдің басшылары бірлескен жобаны бір ай бұрын іске қосты. Су астына цифрлық жол салу техникалық тұрғыда қос тарапқа да оңайға түскен жоқ. Алдымен Каспий түбі толықтай зерттеуден өтті. Одан соң теңіз табанына 600 тонналық алып кабель төсеу үшін арнайы кеме құрастырылған. 20-ға жуық халықаралық ұйым қолдау көрсетіп, 200-ден астам маман екі жылға жуық тынымсыз еңбек етті.

Бағдат Мусин, «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы:

Бірінші – Қытай мен Еуропаның арасындағы транзиттік жол. Цифрлық логистика. Екіншісі – Орталық Азия мен Қазақстан үшін тәуелсіз бағыт қалыптастыру. Үшіншісі – деректердің еуропалық серверлерге дейін жетуін 70 мл/с-тен 30 мл/с қысқартып отырмыз. Төртіншісі дата центрлер алқабының айырылмас бөлшегі деуге болады. Олардың келуі тек сол кабелмен байланысты.

Иә, бұған дейін төте жолдың жоқтығынан Amazon, Microsoft секілді әлемдік технологиялық алпауыттар Орталық Азия нарығына кіруге асықпаған еді. Енді елімізге осындай алып компанияларды тарта отырып, дата орталықтар алқабын құрып, ІТ қызметтерді шетелге экспорттаудың мүмкіндігі арта түспек.

Әлия Жаукеева, қоғамдық саясат институты big data бөлімінің басшысы, цифрлық сарапшы:

Түрлі цифрлық қызметтерді экспорттауға мүмкіндік. Сонымен қатар, дамып келе жатқан, жасанды интеллект, бұлттық технологияларды экспорттауға мүмкіндік. Ең бастысы бұл біздің елімізге инвестициялық қызығушылықты арттырады.

Қазір Қытай мен Еуропаның арасында 100 тирабит трафик өтеді. Қазақстан соның үш пайызын ғана тасымалдайды. Жаңа цифрлық дәліз арқылы осы көрсеткіш 10 пайызға жетсе, жылына 150-200 млн доллар табыс табуға болады, дейді, – Бағдат Мусин. Қаржылық табыстан бөлек, қарапайым тұтынушылар үшін де тиімділігі көп. Деректерді жеткізу кідірісі, яғни «пинг» екі есеге қысқарады. Бұрын Еуропадағы серверлерге сигнал 70 миллисекундта жетсе, енді бұл уақыт 38 миллисекундқа дейін азаяды. Бұл – YouTube, Netflix, Instagram сынды шетелдік сервистер бұрынғыдан да екі есе жылдам жұмыс істейді деген сөз.

Нағашыбай Ыбыраев, ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің басқарма басшысы:

Осы жоба іске қосылғанға дейін елімізде халықаралық түйісу нүктелері мен деректерді беру жолдарының саны аз-тұғын. Осы жаңа желі бізге Еуропаға дейін баламалы тәуелсіз әрі физикалық тұрғыдан қысқа жол ашуға мүмкіндік берді. Пайдаланушы үшін ең бірінші кезекте интернет сервистерін пайдалану кезінде олардыан жауап алудың уақытын қысқартады және желінің сапасы арта түседі.

Елімізге халықаралық интернет трафигінің елеулі бөлігі Ресей мен Қытайдан құрлықтық жолдар арқылы келеді. Енді цифрлық жаңа дәліз – Қазақстан үшін толығымен тәуелсіз балама бағытқа айналмақ. Болжам бойынша, 2036 жылы осы желі арқылы секундына 21,6 терабит дерек өтуі мүмкін.

Бөлісу