Басты Жаңалықтар Жаңа кәсіпорын тұрақты жұмысқа жол ашты

Жаңа кәсіпорын тұрақты жұмысқа жол ашты

Маңғыстауда жаңа өндіріс орындарының ашылуы жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік беріп отыр. Жаңаөзенде өткен жылы іске қосылған кәсіпорында бүгінде 300-ге жуық адам еңбек етеді. Олардың арасында жұмыспен қамту бөлімі арқылы жұмысқа орналасқандар да бар. Жаңа қызметкерлер арнайы оқытудан өтіп, өндіріске бейімделуде. Тілшіміз Аягөз Оралбайқызы зауыт жұмысымен танысып қайтты.

Жаңаөзен қаласында мұнай өндірісіне қажетті заманауи құбырлар шығаратын зауыт былтыр іске қосылды. Содан бері кәсіпорынға жұмыссыздар кезегінде тұрған 85 адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Солардың бірі - Арман Сапарбаев. Ол қала әкімдігі арқылы жолдама алып, жаңа өндіріс орнында еңбек жолын бастаған.

Арман Сапарбаев, Жаңаөзен қаласының тұрғыны:

Біздер жұмысқа кеше орналастық. Бүгін жұмыстың екінші күні. Осы акиматтан тұрып жатырмыз жұмысқа өзіміздің кезегімізбен. Біздерді оқытты, сол оқытқан бойынша қазіргі таңда слесарь механик болып жұмыс атқарып жатырмын. Өте жақсы жағдай, столовый, жататын жер барлықтарын күшті етіп жасаған.

Ал кәсіпорында бұрыннан еңбек етіп жүрген мамандардың да өз міндеті бар. Солардың бірі - Бауыржан Әжғалиев өңделген құбырлардың екі ұшына қақпақ орнатып, нөмірлейді. Содан соң дайын өнімді таңбалап, жинақтайды.

Бауыржан Әжғалиев, жинақтаушы маман:

Қазіргі таңда міне, арнайы станоктармен екі жағынан резба шығарып маған береді мен қазіргі таңда мына резбіге арнайы кряшканы жауып, оны номерлеймін. Және маркератор соғамыз. Осылай номерлеп, өзінің тәртібімен мына жерге төменге жинаймыз қазір. 

Аягөз Оралбайқызы, тілші:

Бұл құбырлар мұнай-газ өндірісінде маңызды роль атқарады. Зауытта олар арнайы құрылғылардың көмегімен өңделіп, бірнеше кезеңнен өтеді. Кәсіпорын білтыр іске қосылған. Содан бері осындай 20 мың тоннаға жуық сорғы компрессорлық құбыр өндірген.

Қазір кәсіпорында 300-ге жуық адам еңбек етеді. Зауыт мұнай өндіруге арналған сорғы-компрессорлық құбырлар мен сорғы штангілерін шығарады. Өндіріс үздіксіз жұмыс істейтіндіктен, қызметкерлер төрт ауысыммен еңбек етеді. Заманауи кәсіпорында жұмысшыларға барлық жағдай жасалған.

Болатбек Өтепқалиев, Цех басшысы:

Келесі жылдан бастап біздер жаңадан модернизациядан кейін жаңа технология бойынша насостық штангілерді өндіріп бастаймыз. Олардың сыртына экспи покрытия болады. Арнайы тұзға, датқа қарсы төзімді. Бұрынғыдан төзімді көбірек жұмыс жасайды.

Жаңаөзен қалалық жұмыспен қамту бөлімінің мәліметінше, кәсіпорынға жұмыссыздар кезегінде тұрған 85 адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Жыл соңына дейін тағы бірнеше тұрғынды жұмысқа жіберу жоспарланып отыр.

Бөлісу