Басты Жаңалықтар Қазақстанның ең үздік фильмдері Өзбекстанда көрсетілді

Қазақстанның ең үздік фильмдері Өзбекстанда көрсетілді

Тәуелсіздіктің 35 жылдығы қарсаңында Өзбекстан астанасында Қазақстан киносы күндері ұйымдастырылды. Көрермен назарына еліміздің ең үздік 6 фильмі ұсынылды. Көрсетілімге сол елдегі қандастарымыз, бауырлас өзбек халқымен бірге басты рөлдерді сомдаған актерлер де қатысты. Шығармашылық байланыстарды нығайтуға және отандық киноны шетелде насихаттауға арналған шара жайынды тілшіміз тарқатып айтады.

Кино тілі – шекара талғамайды. Ташкентте өткен Қазақстан киносы күндері осының бір дәлелі. Ауқымды іс-шараны Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігі, «Қазақфильм» киностудиясы» мен Kinopark Theatres компаниялары ұйымдастырды.

Ералы Тоғжанов - Қазақстанның Өзбекстандағы төтенше және өкілетті елшісі:

Кино саласы – бұл елдің, халықтың салты мен дәстүрі, мемлекеттердің өткен тарихы мен бүгінгі болашағы, ол елдің нақты өмірі деп айтсақ, артық емес.  Сана-сезімге, халықтың өзіндік өзіндігін білуге әсер тигізетін үлкен идеологиялық сала. 800-ге жуық фильм қоры «Қазақфильмде» бар. Оны сөз жоқ өзбек бауырларымыз көру керек, білу керек.

Көрсетілім шымылдығын «Tiger Films» компаниясы таспалаған «Ерекше» және «Менің үлкен қазақ отбасым» атты фильмдері ашты. Біріншісі бочча спорты арқылы мүгедектегі бар адамдардың өмірге құлшынысы мен жігерін көрсететін туынды. Инклюзивті қоғамның маңызын айшықтайтын бұл фильм елімізде де көрерменнің жоғары бағасын алған еді. Ал, екіншісі отбасылық құндылықтар мен бірлікті дәріптейтін комедия жанрындағы фильм.

Ерлан Бұхарбаев, «Tiger Films» компаниясының бас директоры:

«Ерекше» фильміне кәсіби актерлермен қатар, параспортшылардың ойнағаны біз үшін үлкен жетістік. Олар киноға ерекше жан бітіріп, шынайы әсер сыйлады. Біз инклюзивті қоғам мен паралимпиадалық спорт түрінің идеясын жеткізу үшін бочаны таңдап алдық. Айта кетейік, біз осы фильмнен түскен барлық қаражатты боча спортын дамытуға бағыттадық.

Екі елдің мәдени байланысын нығайтқан бұл игі бастама мұнымен шектелмейді. Алдағы уақытта қазақ және өзбек киногерлері бірігіп жаңа туындылар түсіруді жоспарлап отыр.

Бөлісу