Басты Жаңалықтар Бейсенбі күні үш ядролық держава басшыларының саммиті өтеді

Бейсенбі күні үш ядролық держава басшыларының саммиті өтеді

Жуырда Қытайдың Шэньчжэнінде АҚШ, Қытай, Ресей басшыларының саммиті өтеді. Үш державаның лидерлері Азия-Тынық мұхиты елдерінің экономикалық саммиті аясында бас қоспақ. Не талқылайды? Халықаралық шолушымыз Арай Төлегенқызынан сұрасақ. Трамп, Си, Путин кездесуінде қандай мәселелер талқыланады? 

Иә, АҚШ, Қытай, Ресей президенттері қарашаның 19-да Азия-Тынық мұхит экономикалық ынтымақтастығы саммиті аясында кездеседі. Бұл мәліметті Ақ үй де, Кремль де растады. Қытайдың сыртқы істер министрлігі кездесуде қандай мәселелер талқыланатынын әзірге нақтылаған жоқ. Дегенмен кейбір дереккөздерге қарасақ, негізгі тақырыптар қатарында денуклерацизация, Украинадағы соғыс, Иран мәселесі және жасанды интеллект аталып отыр. Сонымен бірге бұл мұндай форматтағы алғашқы тарихи кездесу екенін атап өткен жөн.

Мына картинада АҚШ, Қытай, Ресей лидерлері – Дональд Трамп, Си Цзиньпин, Владимир Путин бірге отыр. «Шэньчжэнь 26» атты портреттің авторы – ресейлік суретші Алексей Сергиенко. Бір қарағанда өнер туындысы 1945 жылы АҚШ, КСРО, Британия жетекшілері қатысқан әйгілі Ялта конференциясын еске салады.

Алексей Сергиенко, ресейлік суретші:

Мен мұны 1945 жылғы Ялта конференциясымен салыстырамын. Сол кезде үш мемлекеттің жетекшілері – АҚШ президенті Франклин Рузвельт, Ұлыбритания премьер-министрі Уинстон Черчилль және Кеңес Одағының басшысы Иосиф Сталин бас қосып, жаңа әлемдік тәртіпті талқылап, бекіткен еді. Содан кейін ірі қарулы қақтығыстарға жол берілген жоқ. Осы кездесуден кейін де солай болады деп сенгім келеді.

Дегенмен, Ялта конференциясының нәтижесінде алпауыт ядролық державалардың ықпал ету аймақтары бекітіліп, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі әлемдік тәртіптің негізі қаланды. Германия бөлшектеніп, Біріккен Ұлттар Ұйымын құру жоспары жасақталды. Ал «Ялта» деген атаудың өзі ірі мемлекеттердің кішігірім елдерге таңған келісімдердің символына айналды.

Осы жолғы үшжақты саммитте де Украина, Тайвань тәрізді шағын елдердің мүддесі екінші орынға ығыстырылып, олардың сыртынан қандай да бір мәміле жасалады деген қауіп бар.

Чим Ли, Энергетика, жасанды интеллект, дипломатия және макроэкономика жөніндегі сарапшы:

Тараптардың бұл процеске қалай қатысатыны және оған қалай дайындалатыны – назар аударарлық жайт. Үш лидер мәселелерді басқалардан жасырын талқылайтындай әсер қалдырып отыр.

Әзірге, талқыланатын тақырыптардың нақты тізімі жария етілген жоқ. Бірқатар басылымдардың хабарлауынша, Қытай, Ресей мен АҚШ алдын ала келісілген күн тәртібінен бас тартқан. Бұл деректерге сай, Трамп ядролық қару мен оның таралуын бақылауға алу мәселесін көтермек. Ал Украинадағы соғыс мәселесі қозғалмауы мүмкін.

Тараптар атомдық арсенал жөнінде мәміле жасай ала ма?  Сарапшылардың бұған қатысты болжамы қандай?

Иә, қазір бұл тақырып өзекті деуге болады. Пентагонның дерегінше, АҚШ пен Ресейдің әрқайсысында 5 мыңнан астам ядролық оқтұмсық бар. Қытайда – 600 ғана. Кейбір пікірлерге сай, Бейжіңнің атомдық арсеналды бақылау туралы қандай да бір келісімге қосылуы екіталай. Сарапшылар «Бейжің бейбітшіліктің маңызын және соғыстарды тоқтату қажеттігін айтумен ғана шектеледі» деп тұспалдап отыр. 

Бөлісу