Басты Жаңалықтар Қаңтардан бастап дәрі-дәрмек саудасына бақылау күшейеді

Қаңтардан бастап дәрі-дәрмек саудасына бақылау күшейеді

1-қаңтардан бастап дәрі-дәрмек саудасына бақылау күшейеді. Енді тіркелмеген, жалған немесе сапасыз препарат сататын дәріханалар айыппұл төлеумен шектелмейді. Талапты бұзғандардың жұмысы уақытша тоқтатылып, заңсыз сатылған дәрі айналымнан алынуы мүмкін. Бұл туралы Фармация комитетінің төрағасы мәлімдеді. Бауыржан Жүсіповтің айтуынша, қазір мұндай заңбұзушылықтар үшін негізінен әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынады. Енді комитеттің өзі заңсыздықты анықтап, тиісті шара қолдана алады.

Бауыржан Жүсіпов, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі фармация комитетінің төрағасы:

Егер де бір тіркелмеген немесе заң бұзушылыққа сәйкес дәрі-дәрмектер анықталса, сол дәрі-дәрмекті тікелей айналымнан алып тастау құзыреті енгізіледі. Сонымен қатар, дәрі-дәрмекпен айналысатын дәріханалар болсын немесе басқа да субъектілерде біз сондай заң бұзушылықтар анықталған жағдайда олардың жұмысын уақытша тоқтата тұру туралы құзыреттерге ие болдық. Бұл құзыреттерге мына біздің Денсаулық сақтау министрлігінің фармация комитетінің және біздің фармация комитетінің жергілікті жердегі құзыретінде болады.

Қазір маркетплейстер арқылы дәріні заңсыз сату деректері де тіркелген. Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі құрамында есірткі, психотроптық және ағзаға күшті әсері бар препараттардың тізімін жариялады. Олардың қатарында динитрофенол, тапентадол және хлороформ сияқты қауіпті дәрілер бар. Жалпы, жыл басынан бері Қазақстанда тіркелмеген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сату және сақтау талаптарын бұзғаны үшін 93 әкімшілік хаттама толтырылды. 54 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды.

Бөлісу