Балалардың болашағына 1,3 триллион теңге жұмсалады
Алдағы бес жылда балалардың болашағына 1,3 триллион теңге жұмсалады. Бүгін Құрылтайда осы мәселе және «Қазақстан балалары» тұжырымдамасының орындалуы талқыланды. Әріптесім Оңғар Алпысбайұлы Үкімет сағатына қатысты. Оңғар қаражат қайда бағытталып, балалар өмірінде қандай өзгеріс болып жатыр?
Оңғар Алпысбайұлы, тілші:
Бүгін Құрылтай құрылғалы алғашқы үкімет сағатын өткізді. Жиында балалардың қауіпсіздігі, құқығы кеңінен қаузалды. Қазір елімізде 7 миллионға жуық бала бар. Бұл ел халқының үштен бірі. Жеткіншектердің жағдайын жасау үшін 2030 жылға дейін жұмыс істейтін арнайы тұжырымдама қабылданған. Құжат қауіпсіздік, сапалы білім, денсаулық сақтау және тәрбиеге қатысты негізгі 4 бағыттан тұрады.
Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Оқу-ағарту министрі:
Тұжырымдамада 158 іс-шара мен 10 индикатор белгіленген. Оның 94 іс-шарасы 2026 жылға жоспарланып, бес жылға 1,3 трлн теңге қарастырылған. Қабылданғанына он айға жуық уақыт ішінде көзделген шаралардың 70%-ы толығымен орындалғанын айтуға болады.
Енді осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстарға тоқталайын. «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы іске қосылып, «Келешек» жүйесі енгізілді. Соңғы бес жылда елімізде 1000-нан астам мектеп салынды. 54 оңалту орталығы ашылды. Балалардың құқығын қорғауға бағытталған 11 заң қабылданды. Ал қиын жағдайға тап болған жеткіншектерді дер кезінде анықтау үшін цифрлық құралдар қолданыла бастады.
Динара Зәкиева, ҚР Құрылтай төрағасының орынбасары:
Осы механизмдердің барлығы 3 жылдың ішіде 300 мыңнан астам қиын жағдайдағы немесе көмекке мұқтаж балаларды уақтылы анықтап, көмек көрсетуге мүмкіндік берді. Әр санның артында баланың тағдыры жатыр.
Балалардың білім алу құқығына қатысты қандай мәселелер көтерілді? Оны реттеу үшін қандай шешім ұсынылды?
Оңғар Алпысбайұлы, тілші:
Иә, балаларға қатысты мәселеге келгенде білім беру саласын айналып өту мүмкін емес. Мәселен, келер жылдан бастап барлық балабақша міндетті мемлекеттік лицензиялаудан өтуі тиіс. Енді мекемелер жай ғана жұмысын бастай салмайды. Белгіленген 10 талапқа сай болуы қажет. Алдымен анықталған кемшіліктерді түзетуге мүмкіндік беріледі. Талап орындалмаса, мекеменің жұмысы тоқтатылады. Депутаттар кешкі мектептерге балаларды ауыстыру мәселесін де көтерді. Тоғыз айда мұндай мектептерге 941 бала жіберілген. Енді бұл тәжірибеге шектеу қою көзделіп отыр. Жаңа оқу жылынан бастап 5-11 сынып оқушылары үшін «Жеке қауіпсіздік» атты міндетті сабақ енгізілді. Онда балалар өзіне қауіп төніп тұрғанын алдын ала тануды, жеке шекарасын қорғауды және қажет кезде көмек сұрауды үйренеді.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Құрылтайының депутаты:
Ендігі міндет осы мүмкіндіктер әр балаға жетуі керек. Бізге зорлық-зомбылықтың қанша фактісі анықталғаны ғана емес, балаларға қаншалықты жылдам көмек көрсетілгені маңызды. Қанша кабинет ашылғаны ғана емес, оңалтуды күту уақыты қаншаға қысқарғаны маңызды. Сол сияқты неше акция өткізілгені емес, балалардың қаза табуы қаншалықты азайғаны баршамызға маңызды.
Оңғар Алпысбайұлы, тілші:
Демек, ендігі міндет – атқарылған жұмыстың нәтижесін нақты көрсеткіштермен бағалау. Жиында балалардың цифрлық қауіпсіздігі де назардан тыс қалмады. Атап айтқанда, 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерде тіркелуіне шектеу қою ұсынылып отыр. Сонымен қатар, онлайн ойындар мен өзге де цифрлық өнімдерге арнайы таңбалау және мазмұнын сипаттау талаптарын енгізу көзделген.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы